Фото: Алматы әкімдігі
Алматыда 2040 жылға дейінгі қаланың Бас жоспарына түзетулер енгізу бойынша өтіп жатқан қоғамдық тыңдаулар барысында «Алматы-3» жаңа теміржол вокзалын салу жоспарланып отырғаны белгілі болды, деп хабарлайды Ult.kz.
Қоғамдық талқылаудың үшінші күні «Алматыбасжоспар» ғылыми-зерттеу институтының директоры Асхат Сәдуов «Батыс» полиорталығын дамыту тұжырымдамасын таныстырды. Оның айтуынша, жаңа «Алматы-3» теміржол вокзалы орналасатын аумақ пен Боралдай кентіндегі көлік-логистика торабы заманауи қала кластеріне айналады.
Жоспарға сәйкес, бұл аймақта экологиялық таза өндірістер, жаңа жұмыс орындары, жасыл аймақтар мен дамыған әлеуметтік инфрақұрылым қалыптастырылады. «Батыс» полиорталығы Алматы қаласының өсуіндегі негізгі нүктелердің біріне айналып, өндіріс, логистика және қоғамдық кеңістіктерді дамытуға бағытталмақ.
Сондай-ақ мұнда 1-Алматы индустриялық аймағын дамыту, фармацевтикалық өндірістерді орналастыру және «Сақ қорғандары» маңында рекреациялық парк салу көзделген. Полиорталық қаланың өзге бөліктерімен жылдам рельсті көлік арқылы байланысады.
Жобаның басты мақсаттарының бірі – экологиялық өндірісті дамыту және зиянды кәсіпорындарды кезең-кезеңімен тұрғын аймақтардан тыс жерге көшіру. Сонымен қатар бұл аумақта ЛРТ депосы, сызықты рекреациялық саябақ пен көпсалалы аурухана кешені салу жоспарланып отыр.
Асхат Сәдуовтың айтуынша, жоба аясында қауіпсіз, жарықтандырылған әрі әлеуметтік белсенді қоғамдық кеңістіктер қалыптастыруға, сондай-ақ қаланың көрнекі нысандарына бағытталған көрініс дәліздерін сақтауға басымдық беріледі. «Батыс» полиорталығының жүрегіне айналатын саябақ қоршаусыз, тәулік бойы қолжетімді ашық кеңістік болмақ.
Қазіргі уақытта Алматының 2040 жылға дейінгі Бас жоспарына түзетулер енгізу бойынша қоғамдық тыңдаулар жалғасуда. Қала тұрғындарының ұсыныстары құжатты одан әрі жетілдіру кезінде ескерілмек.
