27 там, 2020 сағат 11:57

Алматыда әлеуметтік маңызы бар дәрі-дәрмектерге күнделікті мониторинг жүргізіледі

Алматылықтарды дәрі-дәрмекпен және медициналық бұйымдармен үздіксіз қамтамасыз ету мәселесі жіті бақылауда. Бұл туралы Алматы қаласы кәсіпкерлік және инвестициялар басқарма басшысының орынбасары Қарлығаш Әбдіжаббарова онлайн брифингте айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Әкімдік, жеткізушілер және дәріханалар арасында келісім жасалды. Дәріханалардың тізімі белгіленді, оларға әлеуметтік маңызы бар дәрі-дәрмектер мен медициналық маңызы бар бұйымдардың 69 атауы жеткізіліп тұрады. Қазіргі уақытта, бұл тізім 105 жүйе құраушы дәріханадан 374 дәріханаға дейін көбейтілді. Бұл сондай-ақ дәрілердің жеткізілімін, олардың бағалары мен сатылуын реттеуге мүмкіндік береді»,– деді Қарлығаш Әбдіжаббарова.

Сонымен қатар, ол дәріханаларға күн сайын мониторинг жүргізілетінін атап өтті.

«Бүгінгі күні аса қажетті 22 дәрі-дәрмектің атауы анықталды, оның ішінде қызуды түсіретін дәрілер, антибиотиктер, антикоагулянт, гормоналды, бір реттік медициналық маскалар бар «, – деді спикер.