13 жел, 2021 сағат 13:15

Алматыда ақын-жазушылар байқауының жеңімпаздары анықталды


Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев Тәуелсіздік күні қарсаңында жазушылар қауымдастығымен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев Қазақстан Жазушылар одағының мүшелерімен шығармашылық бірлестікті қолдау және дамыту мәселелерін талқылады, сондай-ақ мерейтойлық датаға орайластырылған «Алматы-Тәуелсіздіктің алтын бесігі» байқауының қорытындысы шығарылды. 

Шығармашылық байқауға мэтрлермен қатар, жас ақын-жазушылар қатысты. Шығармашылық жұмыстар төрт жанрда ұсынылды – поэзия, проза, балалар әдебиеті, драматургия. 

Асхат Өмірбаев «Әке, елге қайтайықшы!» әңгімесі, Тұрысбек Сәукетаев «Көкшулан» новелласы, Думан Рамазан «Үкім» тарихи драмасы, Патигүл Махсатова қазақ тіліндегі өлеңдер топтамасы үшін жеңімпаз болып танылды. 

Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасы бойынша өткен жылы 30 автордың жұмысын басып шығару үшін қаржы бөлінді. Жас жазушылардың да, қазақ әдебиеті классиктерінің де еңбегі қолдау тапты. Биыл жүзден астам танымал сөз шебері мен жас авторлардың кітаптары жарық көрді. Кітаптардың тұсаукесері қала кітапханаларында өтеді. 

«Жазушылар қауымдастығын қолдау жалғасады. Сіздер тарихи оқиғалардың шынайы куәсі ретінде оларды жүректен өткізіп, оқырманға жеткізесіздер. Тәуелсіздіктің мерейтойлы жылында сіздерге зор денсаулық пен шабыт тілеймін!», - деді Бақытжан Сағынтаев. 

Айта кетейік, бүгінде Қазақстан Жазушылар одағының құрамында 820 мүше бар, олардың 400-і Алматыда тұрады. 2019 жылдың соңында қалыптасқан дәстүрге сай алматылық ақын-жазушылар Алматы әкімінің грантына ие болды.