25 мау, 2021 сағат 13:15

Алматыда 700-ден астам үй сүрілмек


Алматыда тозығы жеткен 708 үй сүріледі. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында шаһар басшысы Бақытжан Сағынтаев осындай мәлімет айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Өздеріңіз білетіндей, Алматыда тозығы жеткен баспана мәселелері бар. Сонымен бірге, біз қала үшін тарихи бірегейлікті сақтау бірінші міндет екенін назарда ұстаймыз. Сол себептен, тұрғын үй қорын жаңарту бағдарламасын қабылдадық. Бағдарлама бойынша 708 апаттық үйді немесе 6 637 пәтерді бұзу, 34 605 пәтерге арналған 683 үй салу көзделген», - деді қала әкімі. 

Оның айтуынша, бағдарлама жөнделетін пәтер иелерінің толық келісімімен, меншік құқығына кепілдік бере отырып жүзеге асырылмақ. 

Қала әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, жыл басынан бері бағдарлама аясында 126 пәтерлі 14 (Жетісу (8), Түрксіб (2), Бостандық (4) аудандарында) үй сүрілген.