12 там, 2020 сағат 19:14

Алматыда 70 мыңнан астам оқушыға компьютер мен ноутбук беріледі

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев жаңа оқу жылына дайындық мәселесі туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Халықтың қарқынды көшіп-қонуы мен балалардың туу деңгейінің ұлғаюына орай Алматыда оқушылар саны жыл сайын орта есеппен 12 мыңға артып отыр. Былтырғы оқу жылында оқушылардың жалпы саны 17 мыңнан астам балаға өсті. Бүгінгі таңда 30 мың оқушыға орын тапшы. Сондықтан былтыр мектеп құрылыстарын жеделдету қарқынды жүргізілді. Биыл 1 қыркүйекте Әуезов және Түрксіб аудандарында 1800 орынды екі жаңа мектеп ашылады. Сонымен қатар, қала мектептерінің жанынан 3642 орынды сегіз қосалқы ғимарат салынып жатыр. Бұлардан бөлек, «Жұмыспен қамтудың Жол картасы - 2020» бағдарламасы бойынша 13 200 орынды тоғыз мектеп, мектептер жанынан 6550 орынды 13 қосалқы ғимарат салу жоспарланған. Мемлекеттік-жекелік әріптестік аясында 5700 орынды бес мектеп салу ұсынылды. Осылайша, 2021 жылдың соңына дейін оқушы орнының тапшылығы 83%-ке қысқаратын болады», - деді Б. Сағынтаев «Алматы» телеарнасының тікелей эфирінде. 

Алматы әкімі коронавирус инфекциясының індетіне байланысты балалар мен мұғалімдердің денсаулығын сақтау мақсатында ҚР БҒМ эпидемиологиялық ахуал жақсарғанға дейін қашықтан оқыту туралы шешім қабылдағанын еске салды. 

Бұрынғы оқу форматына кезең бойынша көшу жоспарланған. Штатты режимге бірінші кезеңде 1-5 сынып оқушылары, екінші кезеңде 6-11 сынып оқушылары көшеді әрі санитарлық қауіпсіздіктің пәрменді шаралары қамтамасыз етілетін болады.

Б. Сағынтаев бірінші кезекте аз қамтылған отбасылар балаларын компьютерлік техникамен қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінетінін айтты. 

Жүргізілген мониторинг нәтижесі бойынша 70 мыңнан астам адамға, оның ішінде оқушылар мен мұғалімдерге компьютерлер мен ноутбуктар берілетін болады.

«Бұдан өзге, интернетке қолжеткізу және мобильді байланыс нашар аймақтарға мониторинг жүргізілді. Ұялы байланыс операторлары орнататын қосымша таратушы антенналардың орны анықталды», - деді Алматы әкімі.