Фото: Depositphotos.com
25 ақпанда сағат 11:00–де қалалық төтенше жағдайлар қызметі «Көктем-2026» республикалық оқу-жаттығуы аясында халықты құлақтандыру жүйесіне техникалық тексеру жүргізеді, деп хабарлайды Ult.kz.
Тексеру кезінде «Барлығыңыздың назарыңызға!» дабыл сигналы бойынша қала аумағындағы сиреналар аз уақытқа қосылады. Сондай-ақ сынақ хабарламасын тарату үшін теле және радиоарналарды уақытша тоқтату жүйесі іске қосылады.
Алматы төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарға сабыр сақтауды ескертті.
— «Барлығыңыздың назарыңызға!» сигналы — төтенше жағдай қаупі төнген немесе туындаған кезде шұғыл ақпарат таратар алдында халықтың назарын аудару үшін берілетін ескерту белгісі, — делінген хабарламада.
Тұрғындар дыбыстық сигналды естіген кезде теледидарды немесе радиоқабылдағышты қосуы, ресми интернет-ресурстар мен мобильді қолданбалардағы ақпаратпен танысуы және ұсынылған нұсқауларға мұқият бағынуы керек.
