Фото: Aviasales.kz
Мәслихаттың 30-сессиясында Қаржы басқармасының басшысы Қанат Сухамбеков 2025 жылға арналған нақтыланған бюджет туралы баяндама жасап, 97 млрд теңге қосымша қаражат мемлекеттік сатып алулардағы үнем, қаражатты қайта бөлу, өткен жылдан қалған қалдықтар мен кірістердің артуы есебінен қалыптасқанын атап өтті, деп хабарлайды Ult.kz.
Бюджеттің басты бағыттары – әлеуметтік сала, инфрақұрылым, ТҮКШ және цифрландыру.
Денсаулық сақтау саласына 17 млрд теңге бөлінді. Бұл қаражат 4 емхананың құрылысын жүргізуге, медициналық жабдықтар мен дәрі-дәрмектер сатып алуға, №23 емхана мен «Алау» оңалту орталығын жөндеуге бағытталады.
Мәдениет саласы 9,4 млрд теңге алады. Қаражат Сац атындағы театрды қайта жөндеуге, кітапханалар мен коммьюнити-орталықтар ашуға жұмсалады.
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылыққа 17,5 млрд теңге бөлініп отыр. Бұл қаржы су құбыры мен кәріз жүйесінің құрылысына, электрмен жабдықтау мен газдандыруды дамытуға, тұрғын үйлерді жөндеуге және өрт қауіпсіздігі жүйесін орнатуға жұмсалады.
Көлік саласына 13,6 млрд теңге қарастырылған. Бұл қаржы жол құрылысын аяқтауға, жаңа жолдардың жобасын әзірлеуге, 900 электронды табло орнатуға және зияткерлік көлік жүйесін енгізуге бағытталады.
Негізгі назар әлеуметтік салаға аударылды. Аталған саланы қаржыландырудың жалпы көлемі 652,9 млрд теңгені құрады. Қаржының 27,9% -ы білім беруге бөлінген. Негізгі міндеттердің қатарында: балабақшаларға кезекті азайту, оқу орындарының жетіспеушілігін жою, білім беру сапасын арттыру және қосымша оқытуды дамыту. Мектептердегі қауіпсіздікке де көп көңіл бөлінеді.
Қазір қаланың барлық 216 мектебі заманауи қауіпсіздік жүйелерімен — бейнекамералармен, дабыл түймелерімен, турникеттермен және өрт дабылымен жабдықталған.
Денсаулық сақтау маңызды бағыт болып қала береді. Соңғы жылдары алғаш рет емханалар мен оңалту орталықтарын күрделі жөндеу, ауруханаларға, перзентханаларға және алғашқы медициналық көмек орталықтарына арналған заманауи медициналық жабдықтарды сатыпалу жоспарлануда.