Бүгін Қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні. Алматыда 1931-1933 жылдардағы ашаршылық құрбандары ескерткішінің ресми ашылу салтанаты болды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" тілшісі Алматы қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бұл шараға репрессия мен ашаршылыққа ұшырағандардың ұрпақтары, қоғам қайраткерлері, ғалымдар, қала белсенділері мен жастар қатысты.
Алматы әкімі монументтің Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей тапрысмасымен ашылып отырғанынын айтты. 1918-1933 жылдар аралығында Қазақстанда түрлі деректер бойынша үш миллионнан астам адам опат болған, ал 1931-1933 жылдары 1 миллион 700 мың адам қырылып кеткен. 1937-1938 жылдары 100 мыңнан астам қазақстандық репрессияға ұшыраған.
"Бүгін Мемлекет басшысының "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында ашаршылық құрбандарына арналған ескерткішті Алматыда да ашқалы отырмыз. Елбасының тікелей тапсырмасына сәйкес өткен жылы біз осы ескерткішті жасауға байқау жариялаған едік. Оған жалпы саны 21 жоба түсіп, көпшіліктің, арнайы мамандардың талқылауына ұсынылды. Астанадағы мемлекеттік комиссияның ұйғарымымен жобалардың ішінен баласын кеудесіне қысқан Ана бейнесі жеңімпаз деп танылды. Ана - барша тіршіліктің қайнар көзі, ұлттың ұйтқысы, келешектің кепілі. Ана қасіреті - ел қасіреті. Аштықтан бұратылған болашағын - өз сәбиін құшақтаған Ананың қайғылы халі сол кезеңде өмір мен өлімнің арасындағы қазақ халқының басынан кешкен талайлы тағдырын шынайы бейнелейтіндей. Ашылғалы отырған ескерткіш өскелең ұрпақтың жазықсыз шейіт болған ата-бабалар мен аналардың рухына бас иіп, Тәуелсіздіктің тәттілігін, азаттық пен бейбіт өмірдің баға жетпес байлық екенін ұғына білетін киелі орын болсын деп тілейміз! Бұл ескерткіштің мәні - өткендер рухына тағзым, ал, болашақ үшін - тағылым", - деді Бауыржан Байбек.
1931-1933 жылдардағы аштық құрбандарының ескерткіші "Қарағайлы" саябағындағы Қабанбай батыр мен Наурызбай батыр көшелерінің қиылысына орналасқан. Қола мен граниттен жасалған, биіктігі 3 метр бұл ескерткішті сәулетшілер Қанат Бегулиев, Айдос Бүркітбаев және Дулат Үсенбаевтар жасады.
"Аштықтан бұратылған сәбиіне қорған бола алмаған Ана жүрегі қан жылайды. Баланың көзі жұмулы, анасын құшақтауға тіпті әлі де жоқ. Ана табанының астында бос төңкерілген қазан жатыр", - деп түсіндірді мүсін авторлары.
Айта кетейік, Қазақстан Республикасы Президентінің 1997 жылғы Жарлығы бойынша 31 мамыр репрессия құрбандарын Еске алу күні болып жарияланды. Астанада "Ашаршылық құрбандарына ескерткіш" монументі мен "АЛЖИР" мұражай кешені, ашылған, ал Алматы облысында ашаршылық құрбандары мен репрессияға ұшырағандарға монумент қойылған, еліміздің барлық өңірлерінде мұражайлар, ескерткіштер,мемориалды кешендер бар.