03 шіл, 2021 сағат 16:57

Алматыда 15 шілдеден бастап ұжымдардың вакцина алған-алмағаны тексерілмек


Алматының бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин қауіпті індеттің адамның бойындағы ауруды асқындыратынын, сондықтан ұжымдық иммунитетті қалыптастыру үшін вакцина салдыру қажет екенін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Алматы қаласы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бастығы, қаланың бас мемлекеттік санитар дәрігері Жандарбек Бекшин қазіргі кезде қаланың вакцинация орталықтарында коронавирустың мутацияланған штамдарына қарсы тиімді барлық вакцина жеткілікті екенін мәлімдеді.

«Біз коронавирустың шектен тыс өсуіне жол бермеу үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз. Қала әкімдігі, медициналық қоғамдастық, санитарлық қызмет жағдайды тұрақтандыру үшін бәрін жасауда. Алайда, көп нәрсе вакцинациялауды қажет ететін мегаполистің тұрғындарына байланысты. Бұл өлімге әкелетін вирустан қорғанудың және оған қарсы тұрудың жалғыз жолы», - деп баса айтты Жандарбек Бекшин.

Алматы қаласының бас мемлекеттік санитар дәрігері қалалықтардың вакцинациялауға дайын екенін атап өтті. 

Сонымен қатар, жаңа қаулыға байланысты барлық меншік формасындағы кәсіпорындар мен ұйымдардың ұжымдарына вакцинация күшейтілді.

Оның айтуынша, 15 шілдеден кейін мониторинг топтары Қазақстан бас мемлекеттік санитар дәрігерінің қаулысына сәйкес міндетті вакцинациялауды қажет ететін ұйымдардың барлық топтарын тексеруді бастайды.

Еске сала кетейік, 1 ақпан мен 2 шілде аралығында Алматыда 487 736 адам вакцинацияланған. Өткен тәулікте 15 292 адамға вакцина егілді. 

Қалада медициналық ұйымдарда, мектептерде, мәдени және спорттық мекемелерде, базарлар мен сауда және ойын-сауық орталығында 211 вакцинация пункті бар. 

1257 адамнан тұратын 304 вакцинация тобы тартылды.