14 сәу, 2020 сағат 10:18

Алматыда 116 медицина қызметкері, 3 жүкті әйел коронавирус жұқтырған

Алматыда 116 медицина қызметкері коронавирус жұқтырған. Бұл туралы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаев айтты, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Алматыда 14 сәуірде коронавирустық инфекцияны жұқтырудың расталған 346 жағдайы тіркелген. Оның ішінде 6 бала, 3 жүкті әйел бар.

«Қалада бір тәулікте 174 жаңа науқас тіркелген. Оның 58-і жергілікті науқаспен байланыста болған адамдар. Соның ішінде балалар қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасының 1 қызметкері, Орталық қалалық клиникалық аурухананың 110 медицина қызметкері, Медициналық жедел жәрдем қызметінің 2 қызметкері, №32 Қалалық емхананың 1 қызметкері, №11 Қалалық емхананың 1 қызметкері, №1 Қалалық клиникалық аурухананың 1 қызметкері бар», - деді ол қаладағы эпидемиологиялық ахуал туралы онлайн-брифингте.

Дәл қазір инфекциялық стационарларда Covid-19-дан 295 пациент емделіп жатыр. Оның ішінде 7 адамның жағдайы – ауыр , 41 адамның (бір әйел Алматы облысынан) жай-күйі – орташа ауыр, 247 адамның жағдайы қанағаттанарлық дәрежеде.

Провизорлық орталықтарда 256 адам бар, оның ішінде – 12 бала, карантиндік оқшаулауда – 366, үйдегі карантинде – 7097 пациент бар.