07 жел, 2020 сағат 18:15

Алматыда 1-5 сынып оқушыларына арналған 1,2 мың кезекші топ бар

Алматы қаласының білім басқармасы бірінші қыркүйектен бері оқу процесін ұйымдастыру бойынша қандай жұмыстар жүргізілгенін айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Білім басқармасының мәліметіне сәйкес, қалада 270 мыңнан астам оқушыны қамтитын 207 мемлекеттік мектеп және 17 мыңнан астам оқушыға арналған 69 жекеменшік мектеп бар.

Эпидемиологиялық жағдайға байланысты балалардың және мұғалімдердің денсаулығы мен қауіпсіздігін сақтау мақсатында қаладағы 205 мемлекеттік мектепте оқу жылы қашықтан оқу форматында басталды.

«Көлсай» және «Сұлусай» ықшамауданында орналасқан № 194 және197 жалпы білім беретін мектептер оқушы санының аз болуына байланысты оқу жылын штаттық режимде бастады. 

Оқудың 1-тоқсаны аяқталып, 2-тоқсанның екі аптасы өтті, оқу процесі жоспарлы түрде басталып, жүйелі және бірқалыпты жүруде. 

Қазіргі уақытта мектеп оқушыларының 94% қашықтан оқып жатыр. Қашықтан оқытуды сапалы ұйымдастыру үшін Білім және ғылым министрлігінің №345 бұйрықпен бекітілген «Әдістемелік ұсынымдарын» басшылыққа ала отырып, бірқатар жұмыс атқарылуда. 

«Біріншіден, оқушылар компьютерлік техникамен 100% қамтамасыз етілді. Екіншіден, білім басқармасы цифрландыру басқармасымен және аудандық әкімдіктермен бірлесіп интернет жылдамдығы төмен 169 жерде қосымша мобильді базалық станса орнатты. Сондай-ақ, интернетке қосылуды қажет ететін 30 мыңнан астам оқушыға SIM карталар таратылды. Үшіншіден, оқу процесін қашықтан ұйымдастыру үшін мектеп интернет-платформаны таңдады» деп хабарлады қалалық білім басқармасының баспасөз қызметі. 

Оқу жылы басталар алдында Алматы қаласының білім басқармасы 15 мыңнан астам мұғалімге қашықтан оқыту платформаларын қолдану бойынша тренинг өткізді.

«Бекітілген кесте бойынша қашықтан оқытудың сапасы мен қол жетімділігін тұрақты бақылауды қамтамасыз ету үшін қалалық әдістемелік кабинеттің әдіскерлері мұғалімдерге әдістемелік көмек көрсету мақсатында онлайн режимінде сабаққа қатысып отырады. Қалалық ғылыми-әдістемелік орталық Білім және ғылым министрлігінің бұйрығымен бекітілген әдістемелік ұсынымдарды басшылыққа ала отырып, қалада қашықтықтан оқыту туралы нұсқаулық, ережелер дайындап, білім беру ұйымдарына жіберді. Осы ережеге сәйкес әр мектепте ережелер жасалды. Білім беру мекемелерінде қашықтан оқыту технологияларын қолдана отырып, оқу процесін әдістемелік және цифрлық қолдау бойынша іс-шаралар жоспары әзірленді» деп атап өтті басқармадан.

Әр мұғалімнің уақытын үнемдеу мақсатында қалада 277 мұғалімнен тұратын арнайы топ құрылды, олар әр пән бойынша 1-11 сыныптарға тезистер жасады. 

Сонымен қатар, №159 гимназия базасында бастауыш мектеп үшін телесабақтар түсіріліп жатыр. Бүгінгі күні 1 000-нан астам сабақ түсірілді, олар «Балапан» (қазақ тілінде), «Ел арна» (орыс тілінде) телеарналарында көрсетіледі.

«Оқу жылының басынан бастап ата-аналар өтінішін үнемі қадағалап отыру үшін білім басқармасы және барлық аудандық білім бөлімдері оқушылардың ата-аналарымен оқу үдерісін ұйымдастырудың барлық мәселелері бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.

Сонымен қатар, қаланың 145 (70%) мектебінде 15488 баланы қамтыған 1-ші мен 5 сыныптар үшін сыйымдылығы 15 адамнан аспайтын, 1 211кезекші сынып ұйымдастырылды. Кезекші сыныптардың қызметі санитарлық эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтай отырып жүзеге асырылады.

Кезекші сыныпта оқуға созылмалы аурулары жоқ балалар жіберіледі. Кезекші сыныптарда балалардың оқуын таңдау құқығы балалардың ата-аналарына немесе заңды өкілдеріне тиесілі.

Кезекші сыныптардың жұмыс істеуіне қойылатын талаптар:

1) сыныптың толымдылығы – 15 баладан артық емес;

2) сабақтың ұзақтығы – 40 минут; 

3) мектепке кіру кезінде білім алушылардың температурасын күнделікті өлшеу;

4) үзілістер әртүрлі сыныптар үшін әр уақытта;

5) маска режимін қамтамасыз ету;

6) әлеуметтік алшақтықты сақтау, парталарды 1,5-2 метр қашықтықта орналастыру;

7) әр сабақтан кейін кабинеттерді желдету, кварцтау;

8) әр сабақтан кейін қолды жуу және арнайы құралдарды қолдану;

Қоғамдық денсаулық сақтау департаменті күнделікті мектеп оқушыларының COVID-19 ауырған туралы талдауды жүргізіп отырады.