Алматы зообағында арыстанның өлген күшігінің суреті көпшіліктің алаңдаушылығын тудырды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Бұл суреттерді әлеуметтік желіде Владимир Калюп жариялаған болатын.
Ол қала әкіміне зообақтағы тозығы жеткен карантиндік-емдеу аумағын жасақтауға қаражат бөлуді сұрады.
Алматы зообағы бұл суретке қатысты түсінік берді. Олардың айтуынша, бұл - ескі сурет.
«Африка арыстанының «Ассоль» аталған күшігі Алматы зообағына 18 маусымда 7-8 айлығында түскен. Зообақ ветеринарлары толық тексеру жасады. Сол кезде мамандар лептоспироз, псевдотуберкулез, пастереллез, иерсиниоз, панлейкопиния, өткір катаральды геморрогиялық энтерит, катаралды гастрит, гемморрагиялық лимфаденит, жүрегінің үлкеюі, катаралды цистит, бауыр, бүйрек дистрофиясы, тік ішектің жарасы деген диагноз қойылды. Ем толық жасалды. Оған қарамастан тағы аң күшігі былтыр 9 шілдеде өлген болатын», - деді зообақтан.
Сонымен қатар, 2020 жылы зообақ дамуының жоспарына сәйкес жаңа ветеринарлық бөлім құрылысына жобалық сметалық құжаттама жасалған.
«Өкінішке орай, 2020 жылы наурызда COVID-19 пандемиясына байланысты төтенше жағдай жарияланған болатын. Соған байланысты құрылыс жұмыстары тоқтатылды. Қазіргі таңда Алматы зообағының ветеринарлық бөлімі барлық жабдықтармен қамтылған. Рентген аппарат, УЗД аппарат, оксигенератор, монитор, видео эндоскоп, ЭКГ аппарат, ИВЛ аппарат, ингаляциялық наркоз аппараты, дәрі дәрмек барлығы бар», - деді зообақтан.