Алматыда полиция қызметкерлері есірткі зертханасын анықтады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Полиция департаментінің мәліметінше, заңсыз кәсіпті 27 жастағы алматылық ұйымдастырған.
Ол көрші үйден пәтер жалдап, синтетикалық есірткіні сол жерде дайындаған.
«Арнайы іс-шараны есірткіге қарсы күрес бөлімінің қызметкерлері ұйымдастырды. Ш. есімді азаматтың өзінің тұрғылықты жеріне жақын орналасқан жалдамалы пәтерін тінту кезінде «мефедрон» синтетикалық есірткісін өндіруге арналған компоненттер мен жабдықтар тәркіленді. Сот-химиялық сараптама тәркіленген заттардың психоактивті заттарға жататынын растады», – дейді Алматы қалалық полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының бастығы Ерлан Алмағамбетов.
Күдікті қылмыстық жауапкершілікке тартылып, полиция департаметінің уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.