19 сәу, 2024 сағат 09:15

«Алматы Су» бас директорының орынбасары мен Қызылорда облысы кәсіпкерлік басқармасының басшысы ұсталды


Фото: Видеодан алынған кадр


Сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігі Алматы қаласы бойынша департаменті ауыр қылмыс жасады деген күдікпен «Алматы Су» ШЖҚ МКК бас директорының орынбасарын ұстады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Антикорға сілтеме жасап.


Ол жергілікті кәсіпкерден орындалған жұмыстардың актілеріне қол қойғаны және жасалған мемлекеттік сатып алу шарттары бойынша ақшалай қаражат төлегені үшін 345 млн теңге көлеміндегі бұрын келісілген сомадан 75 млн теңге алған.


Сол сияқты, Қызылорда облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жергілікті әкімдіктің кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысын жалпы қамқорлығы мен келісімшартты ұзартуға және жер қойнауын өндіру көлемін ұлғайту рұқсатына қол қойғаны үшін айтарлықтай мөлшерде пара алды деген күдік бойынша ұстады.


«Күдіктілерге қатысты соттың санкциясымен „қамауда ұстау“ түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.
Аталған істер бойынша тергеу жалғасуда.
Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды», — деп жазды Антикордан.


Айта кетейік, «Бизнеске жол» жобасы аясында ағымдағы жылдың басынан бері 43 проблемалық кейс шешіліп, 5 мың кәсіпкердің құқықтары қорғалды.