03 сәу, 2019 сағат 10:00

Алматы прокурорлары қырғызстандық экс-депутатты 12 жылға түрмеге кесуді сұрады

Алматы қалалық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында "шекарадан контрабандалық тауар өткізбек болды" және "трансұлттық ұйымдасқан топқа қатысты" деп күдікке ілінген Қырғызстан Парламентінің бұрынғы депутаты Дамирбек Асылбекуулу мен 11 адамның сот отырысы жалғасты, деп хабарлайды Азаттық.

Таңертең 10.00-де басталған сот отырысына ондаған адам қатысты. Екі прокурор іс бойынша сотқа тартылған 12 адамға айыптау актісін жеке-жеке кезектесе оқыды.

Айыптаушылардың сөзінше, күдіктілердің "трансұлттық ұйымдасқан топ құрғаны" толық дәлелденген. Олар "экономикаға 99 миллион теңге көлемінде залал келгенін" айтып, бұл соманы айыпталушылар есебінен мемлекет пайдасына өндіруді сұрады.

Алматыда абақтыда отырған Қырғызстан Жогорку кенешінің бұрынғы депутаты Дамирбек Асылбекуулун прокурорлар Қылмыстық кодекстің мiндеттерiне адал қарамау (254-бап) және экономикалық контрабанда баптарымен (234-бап) айыпты деп танып, 12 жыл бас бостандығынан айыруды, қауіпсіздігі жоғары мекемеге жіберіп, экс-депутатты елден жазасын өтеген соң ғана шығаруды сұрады.

Айыптау актісі бойынша, Қырғызстан парламентінің депутаты қызметін атқарып жүрген Асылбекуулу 2016 жылы қарашада пайда табу және заңсыз баю мақсатында өзінің қызметін пайдаланып, трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топ құрған. Прокурорлар "экс-депутат бұл топты Қырғызстаннан Қазақстан мен Ресейге тауарлар жіберіп, экономикалық контрабанда үшін басқарған" деді.

Прокурорлардан соң сөз алған Асылбекулууның адвокаты Асқар Баймұратов экс-депутатқа тағылған айыптармен келіспейтінін айтты. Оның сөзінше, айыптар "ойдан құралып, қолдан жасалған".

Тергеу "ұйымдасқан топ басшысы" деп атаған күдіктінің бірі Есбол Жапбасовқа - 15 жыл, қалған күдіктілерге 7-12 жыл аралығында түрме жазасын кесуді сұрады.

Прокурорлар күдіктілердің "қылмыстық жолмен тапқан дүниесін" тәркілеуді сұрады.

Айта кетейік, Дамирбек Асылбекуулу 2018 жылы 15-16 ақпан күндері сол кездегі Оңтүстік Қазақстан облысы мен Жамбыл облысында өткен арнайы операция барысында ұсталған. Арнайы операцияда ұсталған 35 адамның арасында кеден органдары, шекара қызметінің лауазымды тұлғалары, брокерлер болған. Ұсталғандардың үшеуі – Қырғызстан азаматы.

Бұл іс бойынша Асылбекуулунан өзге 11 адам сотқа тартылған.

Алматы қаласының Алмалы аудандық соты 17 ақпанда Қырғызстан азаматтарын екі айға қамау туралы шешім шығарып, кейін қамау мерзімі бірнеше рет ұзартылған. Сот кезінде депутаттың Қазақстан азаматтығынан айрылғаны белгілі болды.