30 мам, 2023 сағат 14:33

Алматы прокуратурасы тұрғындарға үндеу жасады

Фото: ©Тұрар Қазанғапов, Tengrinews.kz

Алматы прокуратурасы митинг өткізу туралы жалған хабарламаларға қатысты шаһар тұрғындарына ескерту жасады, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" қалалық прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Әлеуметтік желілерде 31 мамырда жергілікті атқарушы органдармен келісілген митингілер мен шерулерге қатысу туралы жалған хабарламалар мен арандатушылық үндеулер кеңінен таралып жатыр. Бұл ақпарат шындыққа сәйкес келмейтінін хабарлаймыз.

Бұл күндері Алматы қаласында қандай да бір бейбіт жиналыстар өткізу келісілмеді.

Осыған байланысты жалған хабарламалар арқылы жарияланған акцияларды ұйымдастыру және оларға қатысу, сондай-ақ оларға шақыру заңсыз болып табылатынын ескертеміз.

Өкінішке қарай, митингілерді немесе өзге де бейбіт жиналысты өткізудің заңды тәртібін бірнеше рет түсіндіргенімізге қарамастан, оны бұзу орын алып жүр. Бейбіт жиналыстарды өткізу тәртібі 2020 жылғы 25 мамырда қабылданған "Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы" Заңмен (бұдан әрі - заң) бекітілгеніне назар аударамыз", - делінген хабарламада.

Ведомство мәліметінше, тиісінше, Заң талаптарын бұза отырып өткізілетін митингілерді, шерулерді, жиналыстарды немесе демонстрацияларды ұйымдастыру және оларға қатысу (Заңның 3 - бабының 3-тармағы) Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 488-бабы бойынша жауаптылыққа, оның ішінде 25 тәулікке дейін қамаққа алу шарасына әкеп соғады.

"Заңдылықты, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу, адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мақсатында қолданыстағы заңнама нормаларын мүлтіксіз сақтауға, арандатушылыққа берілмеуге және заңсыз акцияларды, оларға жария түрде шақыруларды ұйымдастырудан және оларға қатысудан бас тартуға шақырамыз.

Құқық қорғау органдары белгіленген құқықтық тәртіпке қол сұғатын кез келген құқық бұзушылықтардың жолын кесіп, кінәлі адамдарға заңда көзделген барлық шараларды қабылдайды", - делінген прокуратура хабарламасында.