Алматы қаласының Ішкі істер департаментінің қызметіне тексеру жүргізіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Рашид Жақыповқа сілтеме жасап.
«Алматы қалалық Ішкі істер департаменті басшысының жауапкершілігі мәселесіне келсек, қазіргі уақытта ҚР Ішкі істер министрлігі Алматы ІІД қызметіне тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр. ІІД жетекшілігінің жауапкершілігі министрлік деңгейінде осы тексеру нәтижесінде қаралатын болады», - деді Рашид Жақыпов Денис Тен өлімін тергеуге арналған брифингте журналистер сұрағына берген жауабында.
Еске сала кетсек, қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы, Сочи Олимпиадасының қола жүлдегері Денис Тен 19 шілде күні Алматыда автокөлік ұрыларының қолынан қаза тапты. Спортшы тұрақта тұрған көлігінің айнасын ұрламақ болған қаскөйлердің үстінен түскен. Арада жанжал шығып, салдарынан күдіктілер Денис Тенге пышақ сұғып алады.
Спортшы 3 литр қан жоғалтқан. Дәрігерлер 2,5 сағат бойы оның өмірі үшін күрескенмен, ажалдан арашалап қала алмады. Денис Тен 17:30-да ауруханада жан тапсырды.
Аталған фактіге қатысты қылмыстық іс қозғалды. ҚР президенті Нұрсұлтан Назарбаев бас прокурор мен ішкі істер министріне істің жіті және объективті тергелуін қамтамасыз етуді тапсырды.
20 шілде күні таңертең мәнерлеп сырғанаушының өліміне күдікті Нұралы Қиясов ұсталды. Ол Жамбыл облысының тумасы, 24 жаста. Сол күні кешке екінші күдікті Қызылорда облысының тумасы Арман Құдайбергенов ұсталды.
Ал бүгін Денис Теннің өліміне қатысты тың деректер шықты. Алматы ІІД ақпаратынша, оқиғаны көзбен көрген адамдар табылған. Бетпе-бет кездесу барысында Нұралы Қиясов Денис Тенге пышақ сұққанын мойындады. Бұған дейін Арман Құдайбергенов пышақ жарақатын салғанын айтқан еді. Екі күдікті де бұрын заңды бұзған.