Алматыда полиция қызметкерлері тұрғындарға көп реттік медициналық маска таратып жатыр. Ерекшелігі– маскада есірткіге қарсы логотип бар, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Алматы қалалық Полиция департаментінің хабарлауынша, бұл акция ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың тапсырмасы бойынша жүзеге асырылып жатыр.
«Алматы полициясына үш мың дана көлемінде есірткіге қарсы логотипі бар қайта пайдалануға болатын медициналық маска жеткізілді. Өткен демалыс күндері тәртіп сақшылары оларды қала тұрғындары арасында таратты»,– деп хабарлады қалалық Полиция департаменті.
Аталған акция алматылықтардың көңілінен шықты.
«Маскалар өте сапалы, оларды жуып, қайта қолдануға болады. Онда есірткіні пайдалануға қарсы логотип бар. Дәл осы логотип көптеген азаматтарды қуантты», – деді Алматы қалалық ПД Есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының бастығы Ерлан Алмағамбетов.
Спикердің айтуынша, қорғаныс маскаларын таратуға патрульдік және учаскелік полиция қызметкерлері тартылған.