15 жел, 2020 сағат 11:53

Алматы полициясы пиротехника өнімдерінің айналымын бақылауға алды

Алматыда 15 желтоқсаннан бастап 7 қаңтарға дейінгі аралықта екі кезеңнен тұратын «Пиротехника» жедел алдын алу шарасы өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл шара жеке және заңды тұлғалардың пиротехникалық заттар мен бұйымдарды қолдану барысында белгіленген ережелерді сақтауын қадағалауға бағытталған. 

«Оған әкімшілік полиция бөлімшелерінің, жергілікті полиция қызметінің, Алматы қаласы бойынша ТЖД азаматтық қорғаныс органдарының қызметкерлері қатысады. Іс-шараның мақсаты – Жаңа жыл мерекесі кезінде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, сондай-ақ, кәмелетке толмағандардың жарақаттануына жол бермеу», – дейді Алматы қалалық полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының бастығы Жандос Мұраталиев. 

Алматы полициясы сертификатталған (лицензиясы бар) пиротехникалық өнімдерді арнайы белгіленген орындардан қауіпсіздік жөніндегі нұсқаулықпен сатып алуға кеңес береді. 

«Пайдаланушыларға арналған нұсқаулықта отшашу, пиротехника, фейерверк, бенгаль шамдарын және басқа да осындай заттарды пайдалану арақашықтығы көрсетілуі керек. Сатып алушылар сертификат, рұқсат, қауіпсіздік нұсқаулығын талап етуге құқылы», – деп атап өтті Жандос Мұраталиев.