Алматыда Полиция департаментіне шабуыл мұқият жоспарланған әрі басып алушылар арнайы дайындалған. Бұл туралы "Хабар 24" телеарнасындағы тікелей эфирде Алматы қаласы терроризмге қарсы күрес штабының ресми өкілі Салтанат Әзірбек мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Оның айтуынша, бұл пікірді видео дәлелдей алады.
"18 қару және 314 оқ-дәрі тәркіленді. Ұсталғандар арасында Алматыда 6 қаңтарда түнде болған оқиғаға белсенді түрде қатысқандар да бар. Азаматтардан сабыр сақтауын сұраймыз", - деді штабтың ресми өкілі.
Салтанат Әзірбек арнайы операция басталғаннан бері жаппай тәртіпсіздікке, бүлікке және басқа да қылмыстарға қатысы бар 852 адам ұсталғанын айтты.
Сондай-ақ, бірнеше нысан бүлікшілерден азат етілген. Бұл қатарда Президент резиденциясы, әкімшілік, Республика алаңы, Думан шағынауданы, "Қар Сити" сауда орталығы аумағы және Әуезов, Наурызбай аудандары бар.