Алматы облысының Төтенше жағдайлар саласының қызметкерлері жанып жатқан үйден ер адамды құтқарды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
9-қараша, сағат 23.54-те Алматы облысы ТЖД кезекші байланыс пультіне Талдықорған қаласында тұрғын үйдің шатыры жанғаны туралы хабарлама келіп түсті. Шақыру орнына дереу өртке қарсы бөлімшеқызметкерлері шықты. Шақырту орнына келген бойда екі пәтерлі тұрғын үйдің жанғаны анықталды.
Өрт сөндіру барысында ТЖД қызметкерлері пәтерлердің бірінен үй иесі, 1957 жылы туған ер адам құтқарды. Сондай-ақ өртті сөндіру барысында жанып жатқан үйден 2 газ баллоны шығарылды (сыйымдылығы 27 литр).
Өрт сағат 00:20-да оқшауланып, сағат 00:24-те сөндірілді. Қызыл жалын 150 шаршы метр аумақты шарпыды. Өртті сөндіруге Алматы облысы ТЖД-нан 10 адам және 3 бірлік техника, қалалық полиция басқармасынан 3 қызметкер және 1 бірлік техника, 1 жедел медициналық жәрдем бригадасы жұмылдырылды.
Алматы облысы ТЖД өкілдері тұрғын үйлердегі өрт оқиғаларының алдын алу үшін өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауға шақырады.