13 қыр, 2021 сағат 15:14

Алматы облысының тұрғындары вакцинаны Алматы қаласында салдыра алады


Алматы қаласындағы эпидахуал Алматы облысындағы іргелес аудандарға қатты әсер етіп отыр. Облыс әкімінің орынбасары Батыржан Байжұманов орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде осындай мәлімет айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бірінше кезекте вируспен күрестің алгоритмін Алматы қаласымен бірлесіп жасаған болатынбыз. Пандемияның бірінші толқынында блок бекеттер қойылғанын білесіздер. Қазір ондай проблема жоқ. Қазір вакцинация бойынша бірлескен жұмыс жүріп жатыр. Яғни, біздің облыстың тұрғындары Алматы қаласында ешбір кедергісіз екпе салдыра алады», - деді әкімдік өкілі. 

Әкімнің орынбасары облыстағы эпидахуалды Алматы қаласына барып жұмыс істейтіндер ушықтырып тұрғанын мойындады. 

«Шектеу шаралары республиканың бас санитар дәрігерінің қаулысымен бекітілген. Сондықтан шектеу бәрінде бірдей. Алматы қаласына іргелес 5 аудан бар. Олардың тіршілігі қаламен тығыз байланысты. Осы іргелес аудандардағыы аурушаңдық көрсеткіші Алматыдағы сияқты жоғары. Өйткені тұрғындарының көбі Алматы қаласында жұмыс істейді. Осылайша, жұмыста ауру жұқтырып, оны үйіне әкеледі. Сондықтан іргелес аудандарда аурушаңдық көрсеткіші жоғары болып тұр. Бүгінде Алматы қаласында аурушақтың түсіп еді, Алматы облысында да түсе бастады», - деді Батыржан Байжұманов. 

Ал облыстың бас санитар дәрігері Ерғали Сыдыманов оқу жылы басталар тұста APORT MALL сауда орталығының ашық болуы эпидахуалды ушықтырғанын мойындады. 

«Шынымен де сабақ басталар кезде Алматы қаласындағы сауда нысандары жабық болғандықтан, біздегі APORT MALL сауда орталығына ағылды. Соның салдарынан эпидахуал нашарлады. Бірақ бұл бір күн ғана болды. Біз жедел шешім қабылдап, ертеңінде-ақ, сауда нысанындағы санитарлық-эпидемиологиялық сақтық шаралары қатаң бақылауға алынған болатын», - деді Ерғали Сыдыманов.