18 там, 2020 сағат 08:59

Алматы облысының Көксу өзеніндегі бөгет күрделі жөндеуден өтуде

Алматы облысында 1963 жылы қолданысқа берілген Көксу өзені бойындағы бөгет күрделі жөндеуден өтуде. Бұл мақсатта республикалық қазынадан 515 млн теңге қаржы қарастырылған, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Плотинаның гидротехникалық құрылыс жұмыстары «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы аясында жүзеге асуда.

Жөндеу жұмыстарына барлығы 100 адам жұмылдырылған. Нысан құрылысының қызған шағы қыркүйек айына тұспа-тұс келмек. 

Мердігер мекеменің бас инженері Мақсат Садиевтің айтуынша, жаңа бөгет алдыңғысынан әлдеқайда берік және сапалы болмақ. 

«Тоспаның жалпы ұзындығы 60 метр, биіктігі 6,8 метр. Ал суқоймаға 539 текше метр су сияды.

Стратегиялық маңызды нысан қайта жөндеуден өтіп, іске қосылса елдің әл-ауқаты жақсарып, жаңа жұмыс орындары да ашылады»,- дейді мамандар.

Кәсіпорын басшысы жаңа су қоймасында жұмыс істейтін мамандардың да жағдайы қарастырылғанын айтып отыр. Бөгеттің басында және төменгі жағындағы су тарату торабында 4 бөлмелі төрт баспана салынып жатыр. Жалпы бөгеттің жөндеу жұмыстарын 2020 жылдың желтоқсан айында аяқтау көзделген.