13 сәу, 2022 сағат 15:26

Алматы облысының 3 тұрғыны пәтер үшін адам өлтірді


Алматы облысының үш тұрғыны 48 жастағы ер адамды өлтіріп, оның пәтерін иеленбекші болған, деп хабарлайды ҚазАқпарат өңірдің ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

25 наурызда Еңбекшіқазақ ауданы Қаракемер ауылына жақын маңда жергілікті тұрғындар белгісіз адамның өртенген мәйітін тапқан. 

Сот-медициналық сараптама бойынша, ер адамның пышақталып, көп қан жоғалтқаны анықталған. Тәртіп сақшылары өлтірілген адамның жеке-басын анықтады – ол наурыз айының ортасынан бастап із-түзсіз жоғалғандар тізіміне енген 48 жастағы Алматы тұрғыны болып шықты. Алматы мен Алматы облысы полицейлерінің бірлескен күшімен үш күдікті ұсталды, олардың бірі әйел адам. 

«Үшеуі де Еңбекшіқазақ ауданының тұрғыны. Олардың ең үлкені 33-те және ең кішісі 23 жаста. Күдіктілер берген түсінігінде зардап шегушіні Алматыдағы пәтерін иелену үшін өлтіргенін жазған. Ер адам жалғыз өзі тұрып, ішімдік ішетін болған. Күдіктілер оның осы әрекетін пайдаланған. Оны Алматы аумағында өлтірген. Кейін оның мәйітін жалға алған көлікпен Еңбекшіқазақ ауданына алып барып, Қаракемер ауылына жақын жерде өртемек болған», - деді аудандық полиция бастығы Жақсылық Алтынбаев. 

Күдіктілер қамауға алынды. Тергеу жүріп жатыр.