21 нау, 2017 сағат 09:10

Алматы облысының 2 миллионыншы тұрғыны дүниеге келді

Алматы облысында 2 миллионыншы сəби дүниеге келді. Жас отбасыны өңір басшысы Амандық Баталов арнайы барып құттықтап, екі бөлмелі пəтердің кілтін табыс етті, деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Жетісу жерінің 2 миллионыншы тұрғыны Еңбекшіқазақ ауданында дүние есігін ашты. Сəбидің салмағы - 3 келі 700 грамм.

"Ұлыстың ұлы күні Алматы облысында екі миллионыншы тұрғынның өмірге келуімен басталып отыр. Сәбидің жарық дүниеге келуі - отбасы үшін әрқашан ерекше қуаныш, ал облыстың екі миллионыншы тұрғынының өмірге келуі - өңіріміз үшін ерекше тарихи оқиға. Сондықтан сіздерді үлкен қуаныштарыңызбен шын жүректен құттықтаймын. Кішкентай нәрестеміз тәуелсіз еліміздің бетке ұстар азаматы болсын. Шаңырақтарыңыздан шаттық пен бақ-береке кетпесін. Еліміз аман болып, халқымыздың саны көбейе берсін», деп облыс әкімі Амандық Баталов жас отбасына екі бөлмелі пәтердің кілтін табыс етті.   


Жас сәбидің анасы Жарқынай Еменақынова қуаныштарында шек жоқ екенін жеткізді.

«Біздің отбасы үшін бүгін ерекше күн, екінші сәбиім дүниеге келіп,  облысымыздың екі миллионыншы тұрғыны деген атқа ие болып жатыр. Өте бақыттымыз, қуанышымыз қуанышқа ұласып жатыр. Отбасымның атынан ана мен балаға, дені сау ұрпақ дүниеге әкелуге барлық жағдайды жасап отырған Мемлекет басшысына зор алғысымды білдіремін.  Сәбилі болумен қатар үйлі де болып жатырмыз. «Әр бала өз несібесімен туады» дегенді бабаларымыз бекер айтпаған. Еліміздің, Жетісу өлкесінің дамып, гүлденуіне шын жүректен тілектеспін. Осындай қуанышты сәтте сізден, Амандық Ғаббасұлы, жас сәбиімізге ат қоюыңызды сұраймын», - деді бақытты ана облыс әкіміне қарата.

Облыс әкімі Амандық Баталов Алматы облысының екі миллионыншы тұрғынының есімін «Нұрсұлтан» деп қойды.

Алматы облысының екі миллионыншы тұрғыны мұғалімдер отбасында дүниеге келді. Нәрестенің әкесі - Шорманов Диас Нұрахметұлы, Абай атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің түлегі, қазіргі кезде Еңбекшіқазақ ауданындағы О.Жандосов атындағы орта мектепте директордың орынбасары болып қызмет жасайды. Анасы - Еменақынова Жарқынай Намазбайқызы, Қазақ мемлекеттік педагогикалық университетінің түлегі, бүгінгі күні Есік гуманитарлық колледжінде психологиядан сабақ береді.