Алматы облысында аймақтағы жол қозғалысы қауіпсіздігі мен жолдар жағдайына жауапты тұлғаларға қатысты қылмыстық іс қозғалды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz агенттігі.
Полиция осыған дейін Алматы-Қорғас тасжолында 17 көлік соқтығысқан ірі жол-көлік оқиғасына кінәлі қызметкерлерді жауапқа тартпақ. Апат себептерінің бірі – ауа райы қолайсыздығы мен көктайғақ. Оқиға салдарынан зардап шеккендер бар.
"Жолдарды пайдалану және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жауапты тұлғаларға қатысты Қылмыстық кодекстің 353-бабы "Көлiкте қолданылатын қағидаларды бұзу" бойынша қылмыстық іс қозғалды. Іспен Алматы облысы Полиция департаментінің Тергеу басқармасы айналысады.
Факт бойынша сараптамалар тағайындалды. Уәкілетті органдарға тиісті сауалдар жолданды. Сондай-ақ, істі дұрыс шешу үшін жедел-іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр", - деді облыстық ПД баспасөз қызметі өкілдері.