21 ақп, 2018 сағат 14:18

Алматы облысында жол жөндеуге 25 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінеді

Облыстық және ауылішілік жолдарды жөндеуге жергілікті бюджеттен жыл сайын 25 млрд. теңгеден астам қаржы бөлініп, жергілікті жолдардың 78%-інің жағдайы біршама жақсарды. Бұл туралы облыс әкімі Амандық Баталовтың тұрғындар алдындағы есеп беру жиынында айтылды.

«Нұрлы жол» бағдарламасының арқасында әлемдік заманауи стандарттарға сәйкес «Батыс Еуропа – Батыс Қытай», «Алматы – Талдықорған» автокөлік жолдары жасалды. Өткен жылдың өзінде ғана көлік қызметінің көлемі  10% өсіп, 500 млрд. теңгеге жеткен.

Осы жылы «Талдықорған-Өскемен», «Үшарал-Достық», «Ұзынағаш-Отар», «Күрті-Бурылбайтал» автокөлік жолдарының құрылысы басталып, соның нәтижесінде өңірдің транзиттік әлеуеті бұрынғыдан да арта түспек.

Жалпы Алматы облысындағы автокөлік жолдарының ұзындығы 9334 шақырым болса, соның 6788 шақырымы – жергілікті маңыздағы жолдар.