Бүгін Қазақстан Республикасы
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша
Департаменті мен Алматы облысының Дін істері басқармасының ұйымдастыруымен
сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатында түрлі этнос және
дін өкілдерімен кездесу өткізілді.
Жиынның негізгі мақсаты – жалпы
адамгершілік және ұлттық құндылықтар негізінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы
мәдениетті қалыптастыру.
Жемқорлық көріністеріне жол
бермеуді, оның алдын алуды көздеген жиынға дін және түрлі этнос өкілдері,
Департамент жанынан құрылған ақпараттық-ағартушылық штаб жетекшісі, Департамент
және жергілікті атқарушы орган өкілдері мен жастар қатысты.
Жемқорлықтың алдын алу және
парасаттылық басқармасының басшысы Асқар Жұмаханұлы Садықов: «Адамдардың
сыбайлас жемқорлықтан саналы түрде алшақ жүруі маңызды. Мұндай сенім адамның
адамгершілік және рухани дамуы арқылы болуы мүмкін. Мешіт, шіркеу, ғибадатхана,
синагога және басқа да діни ғимараттар – бұл адамгершілік тәрбие орталықтары.
Діни рәсімдерді, уағыздарды орындау кезінде сыбайлас жемқорлықтың күнә екендігі
туралы үнемі түсіндіруді тәжірибеге енгізуді сұрағым келеді», – деп, жиында сөз
сөйлеп, сыбайлас жемқорлықтың алдын алуда әрі рухани-адамгершілік жағдайын
қалыптастыруда дін өкілдерінің алатын орны ерекше екендігін атап өтіп,
облыстағы барлық мешіттердегі жұма намаздарға келушілерге жемқорлыққа қарсы
түсіндіру шараларын тұрақты негізде жүргізуді ұсынды.
Бұл ұсынысты жиынға қатысушы
имамдар бірауыздан қолдап, адалдық қасиеті дәстүрлі дінімізде аса құнды мәнге
ие екендігін жеткізді.
«Сыбайлас жемқорлық тек
заңдармен ғана емес, сонымен қатар діндердің постулаттарымен де
айыпталғандықтан, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруда біз діни
қоғамдастықтың көмегіне жүгінеміз. Біз діни қызметшілердің жоғары адамгершілігі
мен беделі халықтың мәдени құндылықтарын нығайтуға өлшеусіз үлес қосуға
көмектесетініне сенімдіміз», – деп түйіндеді спикер.
Алматы облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті мамандары барлық нысаналы топтармен, оның ішінде дін өкілдерін тарта отырып, парасаттылық қағидаттары туралы түсіндіру жұмыстарын тұрақты негізде жүргізетінін атап өтті.