22 қыр, 2023 сағат 15:40

Алматы облысында жасөспірім көлікпен 6 қызды қағып кетті

фото: stylishbag.ru

Алматы облысы Райымбек ауданы Нарынқол ауылында 10 сынып оқушысы 6 жасөспірімді көлікпен қағып кетті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Әлеуметтік желіде тараған видеодан «Subaru» көлігінің жеке үйдің қоршауы мен тротуардың арасында тұрып қалғанын, сондай-ақ патрульдік полиция қызметкерлерін көруге болады. 

"21 қыркүйек сағат шамамен 18:41-де Райымбек ауданы Полиция басқармасына Нарынқол ауылында «Subaru» маркалы көлікті тізгіндеген 15 жастағы кәмелетке толмаған бала рульді басқара алмай, тротуарға шығып, жаяу жүргіншілерді қаққаны туралы ақпарат келіп түсті.

Жол-көлік оқиғасы салдарынан 2008 жылы туған алты кәмелетке толмаған бала зардап шекті, олардың бесеуі әртүрлі дене жарақатымен ауруханаға жатқызылды.

Аталған дерек ҚР ҚК 345-бабының 2-бөлігі бойынша аудандық полицияда тіркелді. Қазіргі уақытта сараптамалық тексерулер тағайындалып, тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Көлік айыппұл тұрағына қойылды" - дейді Алматы облысы Полиция департаментінің басшысы Бауыржан Әленов.

Айта кетейік, кәмелетке толмаған жасөспірім ағасына тиесілі көліктің кілтін рұқсатсыз алып, дүкенге айдап шыққан. 

Sputnik Қазақстан сайтының жазуынша, бес жасөспірім жансақтау бөлімінде жатыр.

"2008 жылы туған 6 қыз да мектептен сабақтан қайтып келе жатқан. Олар бір уақытта ауруханаға жеткізілді. Бір жасөспірімнің жағдайы жақсы. Ол үйіне жіберілді. Ал бесеуінің жағдайы ауыр. Бесеуі де жансақтау бөлімінде жатыр. Бір жасөспірімде іштей қан кеткен. Дереу ота жасалды, қазір жағдайы тұрақты. Жасөспірімдердің аяқ сүйектерінің үлкен буындары сынған. Жарақаттары ауыр, жалпы жағдайлары тұрақты ауыр. Жол көтере алатын екі қызды Алматы қаласына жіберіп жатырмыз", - дейді Райымбек аудандық ауруханасының бас дәрігері Руслан Куккузов.

Екі жасөспірім қыз Алматы облыстық клиникалық балалар ауруханасына жеткізіледі.

"Оқушылардың жағдайы Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасының тікелей бақылауында", дейді дәрігерлер.