05 қаз, 2017 сағат 14:14

Алматы облысында "Үздік еңбек әулеті" анықталды

Алматы облысы, Ақсу ауданында темір жол тасымалы саласында 30 жылдан астам еңбек етіп келе жатқан Бөкеевтер әулеті «Үздік еңбек әулеті» атанды.  

Жеңімпаздарға облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар диплом мен 500 мың теңге ақшалай сыйлықтың сертификатын тапсырды. Бұл туралы Талдықорған қаласындағы І. Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында өткен Еңбек күніне арналған салтанатты жиында белгілі болды.

Жиналғандарды Еңбек күні мерекесімен құттықтаған облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар облыстың әр тұрғыны өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлесін қосқанын атап өтті.

- Мемлекет басшысының Жалпыға ортақ Еңбек қоғамын құру идеясы шеңберінде Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен 2013 жылы Еңбек күні мерекесі белгіленді.  

Осы айтулы күн өз ісінің шеберлері, ардагерлер, еңбек адамдары, Қазақстанның экономикасын дамыту мен нығайтуға үлес қосқан азаматтардың барлығы үшін де – мереке. Бүгінгі күні Алматы облысы әлеуметтік-экономикалық тұрғыда тың серпінмен дамып келеді. Бұл - сіздердің күнделікті бірлескен еңбектеріңіздің жемісі. Сол үшін сіздерге облыс басшысының атынан зор алғыс білдіремін! – деді Ж. Омар.

Бұдан әрі облыс әкімінің орынбасары:

- Алматы облысы еңбек дәстүрлеріне өте бай. Бұл дәстүрді мамандардың жаңа буыны жалғастыруы керек. Біз сіздердің әрқайсыларыңызбен мақтанамыз, халқымыз бен Отанымыздың гүлденуіне бағытталған жетістіктеріңіз бен еңбектегі табыстарыңызды бағалаймыз.  Облыс басшылығының атынан сіздерді тағы бір мәрте құттықтаймын! Баршаңызға мықты денсаулық, молшылық пен еселі еңбек тілейміз! – деп қорытындылап, марапаттау рәсімен көшті.

Еңбектегі жоғары жетістіктері мен ұзақ жылғы жемісті жұмысы үшін  бірқатар азаматтар облыс әкімінің Құрмет грамотасымен және Алғыс хатымен марапатталды. ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің «Еңбек ардагері» медалі «Қазақтелеком» АҚ Алматы облыстық телекоммуникация дирекциясы филиалы бас директорының кеңесшісі, Талдықорған қаласы қоғамдық кеңесінің төрағасы Жексембай Мейрембаевқа берілді.

Мұнан кейін облыстық «Еңбек жолы» конкурсының жеңімпаздарына сыйлықтар табыс етілді. Атап айтқанда, «Үздік еңбек әулеті» номинациясында Ақсу ауданында темір жол тасымалы саласында 30 жылдан астам еңбек етіп келе жатқан Бөкеевтер әулеті жеңімпаз атанып, отбасына 500 мың теңгенің сертификаты берілді. Сарқан ауданындағы «Жетісу изолятор» мекемесінде 5 жылдан бері инженер лауазымын атқарып келе жатқан Арман Мусин «Өндірістің ең жас үздік жұмысшысы» атанды. Жас маманға да 500 мың теңгенің сертификаты берілді.  Осындай сертификат «Жұмыс істеп жүрген жастардың үздік тәлімгері» атанған Рудный ауылындағы № 17 орта мектептің физика пәнінің мұғалімі Алтынай Әлқуатқа да табысталды.  Конкурста екінші орын алған жүлдегерлердің әрқайсысы 300 мың теңгенің сертификатын иеленді.

Сол сияқты осындай номинациялар бойынша облыс әкімдігінің ресми сайтындағы онлайн-дауыс беру бойынша жеңімпаз атанған тағы үш қатысушы да марапатталды. Олардың әрқайсысына сыйлық ретінде 200 мың теңгенің сертификаты берілді.

Марапатқа ие болғандар атынан Жексембай Мейрембаев пен Арман Мусин сөйлеп, өздеріне көрсетілген қолдау үшін ризашылықтарын жеткізіп,  бұдан кейін де ел игілігі жолында еңбек ететіндіктерін айтты.

Салтанатты шара концерттік бағдарламамен аяқталды.

Жалпы, Алматы облысында  негізгі салалардың өсімі 2,8% құрап отыр. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 4,5% өсіп, 468,5 млрд. теңгеге жетті. Ауыл шаруашылығында өсім 1,5% немесе 281,6 млрд.теңге. Сонымен қатар Индустрияландыру картасы бойынша жыл басынан бері шыны және металл конструкцияларын шығаратын жалпы құны 14,3 млрд. теңгелік 2 кәсіпорын іске қосылған болатын. Жыл соңына дейін қосымша тағы 5 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Карта шеңберінде бұрын жүзеге асырылған 51 жобаның 43-і жобалық қуатына шықты. Бұл орайда қазіргі кезеңде жаңа кәсіпорындар ашу, шағын және орта бизнесті дамыту есебінен 22 мыңнан астам жаңа жұмыс орындары, соның ішінде мемлекеттік және салалық бағдарламалар арқылы 14 мың жұмыс орны ашылған. Облыста Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасына 42 мың жұмыссыз және өзін өзі жұмыспен қамтыған азамат тартылды. Олардың 20 мыңға жуығы жұмысқа орналастырылды, 8 мыңнан астамы жаңа жұмысшы кәсіптерін меңгеруде. Тағы 733 адам жалпы сомасы 3,3 млрд. теңгеге жеке бизнесін ашуға және кеңейтуге мүмкіндік алды.