15 нау, 2024 сағат 16:15

Алматы облысында Талғар қаласының шекарасы өзгереді


Алматы облысында Талғар қаласының шекарасы өзгереді. Құжат жобасы «Ашық НҚА» порталында жарияланды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Талғар аудандық мәслихат пен әкімдіктің бірлескен ұсынысы негізінде Алматы облыстық мәслихаты Талғар қаласының шекарасын өзгерту туралы шешім қабылдады.

"Талғар қаласының шекарасы (шегі), оның шегіне жалпы ауданы 853,1245 гектар Кеңдала және Алатау ауылдық округтерінің кейбір жерлерін қоса отырып өзгертілсін. Осы бірлескен Алматы облыстық мәслихаты шешімінің және Алматы облысының әкімдігі қаулысының орындалуын бақылау Алматы облысы әкімінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін", - делінген құжатта.

Бұған дейін Талғар қаласының бас жоспары бекітілген болатын. Оған сәйкес ауданның ұлғаюына байланысты Талғар қаласы, Кеңдала және Ақдала ауылдарының аумағы қысқарды.

"Нормативтік құқықтық актіге сәйкес Ақдала ауылының шекарасы 29,9947 гектарға қысқарып, Ақдала ауылының жаңа шекарасы белгіленді, жалпы ауданы – 705,433 гектар", - делінген құжатта.


Құжат 3 сәуірге дейін Ашық НҚА сайтында талқыланады.