Алматы облысының Іле ауданында тағы бір сервистік әкімдік ашылды. Жаңа форматтағы мемлекеттік қызмет көрсету алаңы Өтеген батыр ауылында орналасқан, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Сервистік әкімдік мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру мақсатында ашылып отыр. Бұл жерде бір мезетте 9 бөлім жұмыс істеп, 56 мемлекеттік қызмет түрі ұсынылады. Мамандар халықты жеке-жеке емес, ашық алаңда қабылдайды. Бұл өз кезегінде уақытты үнемдеп, сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға мүмкіндік береді.
Бүгінгі таңда Алматы облысында 8 сервистік әкімдік жұмыс істеуде. Олар Ақсу, Балқаш, Қарасай, Қаратал, Көксу, Райымбек, Іле аудандарында және Талдықорған қаласында орналасқан. Жыл соңына дейін облыстың барлық қалалары мен аудандарында осындай сервистік әкімдіктер ашу жоспарлануда.