Бүгін, яғни 21 қыркүйек күні С.Сейфуллин атындағы Алматы облыстық кітапхана қабырғасында Алматы облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бірлесіп ашылған «Парасат жолы» орталығында «Сыбайлас жемқорлықпен күрес – көптің ісі» тақырыбында кездесу өткізілді.
Жиынға облысымыздың әр өңіріндегі зиялы қауым, мәдениет пен өнер саласының өкілдері бас қосып, аудандық және қалалық кітапханалар online режімде қосылды.
Пайымды пікірлер мен орамды ойлар ортаға салынған шарада әділдіктің қоғам өмірінде алатын орны мен шалқар шығармалардың оқырманға беретін тәлім-тәрбиелік рөлі сөз болып, құнды қасиет парасаттылықтың маңыздылығы талқыланды.
Шарада сөз алған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Департаменті басшысының орынбасары Жандос Сағындықұлы бұл игі бастама өңірінде адалдық атмосферасын қалыптастыруда айрықша маңызға ие екендігін алға тартып, Алматы облысына қарасты жалпы саны 281 кітапханаларда «Парасат жолы» орталығын ашу арқылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениеттің жарқын үлгісін қалыптастыруға болатынын жеткізді.
«Жұмыла көтерген жүк жеңіл демекші», жалпы агенттік алдында тұрған ауқымды мәселелердің бірі – осы келеңсіз құбылыспен күресте барлық қазақстандықтардың күш-жігерін біріктіру қажет. Ол ақын бола ма, мемлекеттік қызметкерлер бола ма, мұғалім бола ма, мейлі. Бұл – жаппай көтеретін ортақ жүк», – дейді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті өкілдері.