12 там, 2021 сағат 17:34

Алматы облысында полиция қызметкерінің көлігіне оқ атқандар ұсталды



Алматы облысындағы жоғары шенді полиция қызметкері отырған көлікке оқ атқан күдіктілер ұсталды. Бұл туралы Алматы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Полиция ақпаратына сәйкес, осы жылдың 26 маусымында, шамамен сағат 12-00-де, «Алматы-Өскемен» автожолының 143-ші шақырымында белгісіз адам «Hyundai Santa FE» маркалы автомобильдің салонынан қызметтік көлікке оқ атқан. Аталған қызметтік көлікте Алматы облыстық полиция департаментінің қызметкерлері болған.

«Бүгін қылмыстық полиция департаментінің қызметкерлері аталған қылмысқа қатысы бар күдіктілердің барлығын анықтап, ұстады. Оларға қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 24-бабын қолдана отырып, 99-баптың 2-тармағы 1, 2, 7, 8-тармақшаларымен қылмыстық іс қозғады. Олардың тағы бірі ҚР Қылмыстық кодексінің 28-бабы 3-тармағымен қылмысты ұйымдастырушы ретінде танылды. Қазіргі уақытта барлығы Алматы облыстық тергеу оқшаулағышына қамауға алынды», - делінген ресми хабарламада.

Сонымен қатар, полиция департаменті күдіктілердің бірі полиция қызметкері болған деген ақпаратқа қатысты мәліметпен бөлісті. «Аталған азамат қазір полиция қызметкері емес. Ол ертеректе теріс қылықтары үшін ішкі істер органдарынан қызметтен шығарылған», - деп түсіндірді ведомство өкілдері.