Бүгін «Nur Otan» партиясы Алматы облыстық филиалы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңесі отырыс өткізді.
Кездесуде кеңес мүшелері Алматы облысының сәулет және құрылыс басқармасы саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі жұмыстар мен Талдықорған және Текелі аумақтық партия филиалдары жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Қоғамдық кеңестің жұмысы және 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасының орындалу барысын талқылады.
Отырысқа ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Алматы облысы бойынша Департаменті басшысының бірінші орынбасары Жандос Жұмабаев, кеңес төрайымы Римма Салықова, кеңес мүшелері мен аумақтық партия филиалдары қатысып, сыбайлас жемқорлықпен күрестің жыл басынан бергі нәтижелері мен атқарылған қызметтің жемқорлықтың алдын алу шараларындағы орны мен мақсатын айқындады.
Облыстық филиал жанындағы бұл кеңестің төрайымы Римма Салықова есеп берген бірқатар басқарма басшыларына сыбайлас жемқорлықпен күресте партияның алдын алу шараларының маңыздылығы мен мониторинг жұмыстарының уақытылы әрі сапалы жүргізілуі қажеттілігін айтты.
Отырыс соңында арнайы хаттамалық тапсырмалар беріліп, тиісті сала мамандарына ұсыныс, ескертпелер берілді.
Айта кетейік, Алматы облысында партияның аймақтық, аумақтық филиалдарында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестерінің 159 отырысы өткізілген.
Аталған отырыстарда 509 ұсыным беріліп, оның 388-і бүгінгі күні орындалды.