30 қыр, 2021 сағат 20:27

Алматы облысында «Парасатты отбасы» байқауының жеңімпаздары анықталды


Бүгін Алматы облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаменті мен облыстық білім басқармасы бірлесіп ұйымдастырылған «Парасатты отбасы» байқауы қорытындыланды.

Байқауға жалпы Алматы облысы бойынша 150 өтінім келіп түскен. Әр отбасының бейнероликтері жан-жақты талданып, ең көп дауыс алып үздік шыққандар марапатталды.

Байқаудың басты мақсаты – отбасылық құндылықтарды насихаттау, отбасы мүшелері арасында достық қарым-қатынасты, парасаттылықты, адалдықты қалыптастыру, саналы тұлғаны дамыту және прогрессивті идеялары бар оқушыларды анықтау. Байқау жеңімпаздары арнайы дайындалған мадақтау қағаздарымен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Бейнероликтердің негізгі бағыты балаларға парасаттылық қағидаттарын тәрбиелеуге және отбасылық құндылықтарды сақтауға бағытталған. Байқау екі кезеңде өткізілді. Байқаудың бірінші кезеңінде аудандық (қалалық) деңгейде үздік жұмыстар іріктелді. Байқаудың екінші кезеңінде іріктеу облыстық деңгейде өткізіліп, үміткерлер бейнероликтер арқылы отбасы, еңбек пен оқудағы жетістіктері және т.б. туралы қызықты ақпараттарын ұсынды.

Іс-шара соңында Алматы облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаменті басшысының бірінші орынбасары Жандос Сағындықұлы байқау қатысушыларын шын жүректен құттықтап, отбасы қоғамның негізгі элементі ретінде адами құндылықтардың, мәдениеттің және ұрпақтардың тарихи сабақтастығының сақтаушысы, тұрақтылық пен даму факторы болғанын және болып қала беретінін атап өтті.

Өз кезегінде, білім басқармасы басшысының орынбасары Айжан Маманқызы мұндай байқаулар қоғам үшін өте маңызды екенін тілге тиек етті. Оның айтуынша, отбасы өскелең ұрпақ үшін барлық құндылықтар мен білімді сіңірудің қайнар көзі болып саналады.


Байқау қорытындысы бойынша бас жүлдені Іле ауданы атынан сынға түскен Қасымжановтар отбасы еншіледі. Бірінші орынға Қызыролжа отбасы (Панфилов ауданы) ие болса, Қажиахметовтар (Ескелді ауданы) мен Төребаевтар отбасы (Жамбыл ауданы) екінші орыннан көрінді. Ал жүлделі  үшінші орын Серікбаевтар (Талғар ауданы), Бекеновтер (Қапшағай қаласы) және Болатхан отбасына (Текелі қаласы) бұйырды. Сонымен қатар, облыс бойынша 13 отбасы ыңталандыру сыйлықтарына ие болды.