05 мам, 2022 сағат 11:20

Алматы облысында қожайыны жұмысшысын көлікпен соғып, 9 қабырғасын сындырған


Алматы облысында қожалық иесі өзінің мал бағатын жұмысшысын соғып, 9 қабырғасын сындырған. Қазір малшы ауруханада жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Алматы облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 2 мамыр күні ауруханаға ауыр дене жарақатымен 44 жастағы ер адам түскені жөнінде хабарлама келген. 

Анықталғандай, азаматты қожайыны соққан. Ал таяқ жеген адам оның малын баққан. 

Оқиға Ақсу ауданында болған. 

«Қазір күдікті ұсталды. Ол - Талдықорғанның 43 жастағы тұрғыны. Оның көлігі де тәркіленді. Медициналық тексеру кезінде күдіктінің жеңіл түрде ішімдік ішкені анықталды. Қазір оның үстінен ҚР ҚК 106 бабы, яғни қасақана денсаулыққа зиян келтіру бойынша іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр»,- делінген аталған ведомствоның хабарламасында. 

Айта кетейік, малшы мен жұмысшы өзара сөзге келіп, жанжалдасып қалған. 

Артынша, малшы екі кішкентай кәмелетке толмаған баласын және жолдасын алып, қожалықтан кетпекші болған. 

Бірақ жұмыс беруші «Lexus 470» көлігімен қағып, балалардың көзінше соққыға жыққан. 

«Қазір көлік тәркіленді. Күдікті қамауда отыр»,- деп толықтырды аталған ведомствоның баспасөз қызметінен.