Жол қозғалысы ережелерін
бұзудың алдын алу мен жол-көлік оқиғаларының санын азайту мақсатында облыс
аумағында «Қауіпсіз жол» жедел алдын алу іс-шарасы өтуде.
«Он сегіз күн ішінде облыс
бойынша барлығы 29 мың 72 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Облыс бойынша
көлік құралдарын тиісті рұқсатсыз қайта жабдықтағаны үшін барлығы 88 жүргізуші
жауапқа тартылды. 590-баптың 9-бөлігі бойынша мемлекеттік немесе міндетті
техникалық байқаудан өтпеген 1083 жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды»,
– дейді Алматы облысы ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы, полиция
полковнигі Бағдат Әшімов.
Алматы облысы полиция
департаментінің мәліметінше, жаяу жүргіншілердің қатысуымен болған жол-көлік
оқиғасына жол бермеу мақсатында 600-бап бойынша Әкімшілік құқық бұзушылық
туралы барлығы 480 хаттама жасалды. Сондай-ақ, 615-бап бойынша жаяу
жүргіншілерге қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы 4104 хаттама толтырылған.
«Жедел алдын алу іс-шарасын
өткізу кезеңінде облыс автожолдарында 36 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Оның
ішінде Республикалық маңызы бар автожолдарда – 24, жергілікті желілерде – 12. Оқиға
салдарынан 14 адам қаза тауып, 42 адам жарақат алды. Осыған байланысты облыс
тұрғындары мен қонақтарынан жол жүру ережелерін сақтауды сұраймыз. Сіздің
қауіпсіздігіңіз – сіздің қолыңызда», – деп атап өтті Жергілікті полиция қызметі
басқармасының бастығы Б.Әшімов.
Айта кетсек, бұған дейін Алматы
облысының полицейлері жол қозғалысына қатысты балаларға да үндеу жолдады.
Өңірдегі полиция қызметкерлері
тұрғын үй аулаларында, атап айтқанда балалар жаз мезгілінде жиі ойнайтын
жерлерде профилактикалық іс-шаралар өткізуде.
«Жергілікті полиция
қызметкерлері көп пәтерлі үйлердің аулаларында профилактикалық іс-шаралар өткізіп
жатыр. Тәртіп сақшылары ата-аналарға өздерін және балаларын қауіптен қалай
қорғауға болатындығы туралы брошюралар мен парақшалар таратады. Көп жағдайларда
балалар өздерінің тентектігіне байланысты көліктерді байқамай қалып жатады, бұл
қайғылы жағдайға әкелуі мүмкін», – дейді Бағдат Әшімов.
Жазда барлық аулаларда балалар
велосипед, самокат немесе ролик тебеді. Егер олар қауіпсіздік ережелерін
сақтамаса, қиындыққа тап болуы мүмкін. Ата-аналар мұны әрдайым есте ұстап, отбасында
түсіндіру жұмыстарын жүргізуі керек.
«Балалар үшін қауіпсіздікті алдын-алудың ең дұрыс жолы – үйде берілетін ақыл-кеңес. Еске сала кетсек, биыл Шарын шатқалындағы болған сел кезінде кішкентай қыз анасының ұйқтар алдында айтқан кеңестерінің арқасында құтқарылды. Бұл ретте ата-аналардан ересек балаларды қараусыз қалдырмауды сұраймыз. Олармен түрлі жағдайда болуатын қауіптер туралы профилактикалық әңгімелер жүргізіңіз», – деп атап өтті полковник Б.Әшімов.