Фото: Liter.kz
Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай бірқатар жүргізушілер көліктерін Мемлекеттік тумен безендіріп, жолға шыққан. Осыған байланысты Ішкі істер министрлігі жол қозғалысына қатысушыларға қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырды, деп хабарлайды Ult.kz.
ІІМ мәліметінше, көлікке Мемлекеттік туды орналастырғаны үшін заңнамада жауапкершілік қарастырылмаған. Алайда мерекелік іс-шаралар кезінде кейбір азаматтар жол қозғалысы ережелерін бұзып, өзге жүргізушілерге кедергі келтіріп, көшелерді уақытша жауып тастаған. Мұндай жағдайларда полиция қызметкерлері заң талаптарына сәйкес шара қолдануға мәжбүр болған.
Мәселен, 16 желтоқсанда Шымкент пен Алматы қалаларында жол ережелерін бұзған, көліктеріне ту ілген бірнеше жүргізуші тоқтатылған. Тексеру барысында олардың кейбірі көлікті басқару құқығынсыз жүргізгені, апаттық жағдай туғызғаны және көлікті заңсыз жабдықтағаны анықталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды. ІІМ бұл шаралардың Мемлекеттік туды пайдалануға қатысы жоқ екенін атап өтті.
Сонымен қатар Алматы қаласында полиция қызметкерлері шарлармен безендірілген қоғамдық көлікке қатысты түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, оның адам өмірі мен денсаулығына қауіпті екенін ескерткен. Көлікті заңсыз тоқтатуға байланысты деректер де тексеріліп жатыр. Кінәлі қызметкерлер тәртіптік жауапкершілікке тартылады.
ІІМ азаматтарды мемлекеттік рәміздерге құрметпен қарап, жол қозғалысы ережелерін сақтауға және тек ресми ақпарат көздеріне сенуге шақырды.
