29 қыр, 2016 сағат 15:15

Алматы облысында қаруланған трансұлттық қылмыстық топтың үш мүшесі ұсталды

Алматы облысында трансұлттық қылмыстық топтың мүшелері ұсталды. Бұл туралы Алматы облысы прокуратурасының баспасөз қызметі хабарлады.

Бұл оқиға 27 қыркүйек күні Алматы облысы бойынша ішкі істер Департаменті ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлерімен жедел-іздестіру шаралары барысында анықталды. Алматы облысы Алакөл ауданы Достық бекетінің шетінде «Митсубиси-Паджеро» маркалы автокөлігінде отырған Қытай Халық Республикасынан заңсыз жолмен тауар тасымалдап, кеден аумағында белсенді қимыл-әрекет жасап жүрген трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топтың 3 мүшесі құрықталды. Олардан «ПМ» мен «Стриммер» маркалы 2 травматикалық пистолет және оларға арналған оқ-дәрілер, тегіс ұңғылы мылтықтың кесіндісі (обрез), сонымен бірге сіріңке қорапшаларына және полиэтилен қаптарына салынған өткір иісті бар сарғыш түсті ұнтақтар мен өсімдік заттектері табылып, алынды.

Күдіктілер сол күні ҚР ҚПК-тің 128 бабына сәйкес уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Аталған жайлар бойынша көрсетілген азаматтарға қатысты ҚР ҚК-нің 287 бабы 4 бөлігімен (адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен немесе бiрнеше рет қаруды, оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру) сотқа дейінгі тергеп-тексеру өндірістері тіркелді.

Қазіргі уақытта аталған өндіріс бойынша тергеу жүргізілуде.