Алматы облысына Біріккен Араб Әмірліктерінен ұшып келген ел өңірлерінің 135 тұрғыны карантиннен шығарылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Талдықорған мен Текелі қалаларында арнайы орындарда оқшауландырылған 135 адам бүгін өз тұрғылықты өңірлеріне қайтарыла бастады.
Елге келгенге дейін де БАӘ-де бірнеше күн карантинде болған бұл жолаушылардың барлығынан келген бетте тиісті анализдер алынып, қорытындысы теріс нәтиже көрсетті.
Енді облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес осы азаматтарды тұрғылықты жерлеріне тегін жеткізіп салу жұмыстары ұйымдастырылуда. Атап өтсек, Талдықорған мен Текелі қаласына жеткізілген 135 азаматтың 10-ы – Қостанай, 10 – Павлодар, 9 – Алматы, 8 – Шығыс Қазақстан, 6 – Ақтөбе, 5 – Ақмола, 4 – Жамбыл, 2 – Батыс Қазақстан, 2 – Маңғыстау, 3 – Қызылорда, 1 – Қарағанды, 1 – Түркістан облыстарының, 31-і – Алматы, 27 – Нұр-Сұлтан және 16 – Шымкент қалаларының тұрғындары.
Тиісті облыстар мен қалалардың жедел штабтарына азаматтар туралы алдын ала ақпарат беріліп, қабылдап алу мәселесі келісілді. Бүгін олар арнайы көліктермен өз өңірлеріне жеткізіледі.
Естеріңізге сала кетейік, 11 сәуір күні 135 адам Шарджа-Талдықорған рейсімен ұшып келді.