фото: Tengrinews.kz
Алматы облысындағы ауыл тұрғындары ер адамның өртеніп кеткен мәйітін тапқан. Полицейлер күдіктілердің жәбірленушінің пәтерін иемдену мақсатында оны өлтіргенін анықтады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz агенттігі "Астана" телеарнасына сілтеме жасап.
Ер адамның өртеніп кеткен денесін Алматы облысының Қаракемер ауылы маңында жергілікті тұрғындар кездейсоқ тауып алған. Мәйіт ауыл маңында бір айға жуық жатқан.
Кейінірек тергеушілер 48 жастағы ер адам өлтірілгенін анықтады. Сот сарапшыларының деректері бойынша, ер адам екі рет пышақталғаннан кейін қайтыс болған. Марқұм 25 наурызда жоғалып, содан бері хабар-ошарсыз кеткен. Полиция қызметкерлері оның денесі табылғаннан кейін бірден қаскүнемдердің ізіне түскен. Еңбекшіқазақ ауданының үш тұрғыны кісі өлтірді деген күдікке ілінген: екі ер адам мен әйел адам. Олардың үлкені - 33 жаста, кішісі - 23 жаста. Олар жасаған ісін мойындаған кезде мұндай әрекетке пайда табу үшін барғанын айтқан.
"Күдіктілер Алматыдағы пәтерді иемдену мақсатында кісі өлтіргенін айтты. Ер адам жалғыз тұрған, ішімдік көп ішкен. Күдіктілер осыны пайдаланған. Қылмыс Алматы аумағында жасалған. Содан кейін мәйітті жалға алынған көлікпен Еңбекшіқазақ ауданына апарып, өртеп жіберуге тырысқан", - деді Алматы облысы ПД баспасөз қызметінің өкілі Әбілтай Әбенов.
Қазір күдіктілердің үшеуі де ұсталды. "Адам өлтіру" бабы бойынша соталды тергеу басталды. Олар 20 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
667 рет оқылды