04 қар, 2021 сағат 22:50

Алматы облысында діни ұйым өкілдерінің қатысуымен жемқорлық тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырылды


Бүгін ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша Департаменті мен Алматы облысының Дін істері басқармасының ұйымдастыруымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатында дін өкілдерімен кездесу өтті.

Жемқорлық көріністеріне жол бермеуді, оның алдын алуды көздеген жиынға ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Жандос Жұмабаев, ақпарат-насихат тобының мүшесі Ермек Келемсейіт және жергілікті атқарушы органдар мен дін өкілдері қатысты.

Жиынның негізгі мақсаты – жалпы адамгершілік және ұлттық құндылықтар негізінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру.

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Алматы облысы бойынша департамент басшысының бірінші орынбасары Жандос Жұмабаев:  «Адамдардың сыбайлас жемқорлықтан саналы түрде алшақ жүруі маңызды. Мұндай сенім адамның адамгершілік және рухани дамуы арқылы болуы мүмкін. Мешіт, шіркеу, ғибадатхана, синагога және басқа да діни ғимараттар – бұл адамгершілік тәрбие орталықтары. Діни рәсімдерді, уағыздарды орындау кезінде сыбайлас жемқорлықтың күнә екендігі туралы үнемі түсіндіруді тәжірибеге енгізуді сұрағым келеді», - деді. Сондай-ақ сыбайлас жемқорлықтың алдын алуда әрі рухани-адамгершілікті қалыптастыруда дін өкілдерінің алатын орны ерекше екендігін атап өтіп, облыстағы барлық мешіттердегі жұма намаздарға келушілерге жемқорлыққа қарсы түсіндіру шараларын тұрақты негізде жүргізуді ұсынды.

Бұл ұсынысты жиынға қатысушы имамдар бірауыздан қолдап, адалдық қасиеті дәстүрлі дінімізде аса құнды мәнге ие екендігін жеткізді.

«Сыбайлас жемқорлық тек заңдармен ғана емес, сонымен қатар діндердің постулаттарымен де айыпталғандықтан, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруда біз діни қоғамдастықтың көмегіне жүгінеміз. Біз діни қызметшілердің жоғары адамгершілігі мен беделі халықтың мәдени құндылықтарын нығайтуға өлшеусіз үлес қосуға көмектесетініне сенімдіміз», - деп түйіндеді спикер.

Алматы облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті барлық мақсатты топтармен, оның ішінде дін өкілдерін тарта отырып, парасаттылық қағидаттары туралы түсіндіру жұмыстарын тұрақты негізде жүргізіп отырады.