03 қыр, 2021 сағат 19:31

Алматы облысында «Абайлаңыз балалар!» іс-шарасы өтіп жатыр


Алматы облысының тәртіп сақшылары мектептерде жол қозғалысы ережелерін сақтау бойынша жаппай сабақтар ұйымдастырды, деп хабарлайды «Ұлт ақпарат» Алматы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Райымбек аудандық полиция бөлімі ЖПҚБ-нің қызметкерлері «Абайлаңыз балалар!» профилактикалық іс-шарасын өткізу барысында білім күніне орай ауданда орналасқан мектептерді аралап, оқушылардың қауіпсіздігінің сақталуын қамтамасыз етті. Сонымен қатар, жас жеткіншектермен жол қозғалысы ережелерін сақтау және жол-көлік оқиғаларының алдын алу бойынша мектептерде жаппай сабақтар мен профилактикалық әңгімелер өткізді.

Қызықты және көрнекі болу үшін полиция қызметкерлері жол қиылыстарында және олар жоқ жерлерде жолды қалай өту керектігін нақты мысалдармен көрсетті. Сонымен қатар, жүріс бөлігіндегі орын алатын түрлі жағдайда өзіңізді және өзгелерді қалай қорғауға болатыны да әңгіме етілді. Балалармен қарым-қатынас барысында кішкентай жаяу жүргіншілерге түрлі-түсті қызықты суреттері, инфографикалары бар арнайы әзірленген брошюралар таратылды.

Ата-аналар мен мұғалімдер, өз кезегінде, полицейлерге өткізілген сабақтар, әңгімелесулер мен жол жүру ережесін жас бүлдіршіндерге көрнекі түрде үйретуде көрсеткен көмектері үшін алғыстарын айтып, олардың тәртіп сақшыларына деген сенімдерінің үнемі еселеп артып келе жатқанын атап өтті.

Айта кетсек, жаңа оқу жылының басталуы қарсаңында Ақсу ауданының полиция басқармасы қызметкерлері де жас жеткіншектерге жол жүру ережелері бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізген болатын. Аталған іс-шара балалардың жол-көлік оқиғасынан жарақаттануының алдын алу, балалардың қатысуымен апаттарды азайту мақсатында өткізілуде.

«Балалардың жол-көлік оқиғасы салдарынан жарақаттануының алдын алу-бұл бүкіл қоғам үшін өзекті мәселе. Балаларды жолда жүру ережесін сақтауға баулуды және жолда өзін ұстау қағидаттарымен таныстыруды ерте жастан бастау қажет. Қазіргі уақытта біздің, ата-аналар мен мұғалімдердің және қоғамның басты мақсаты - жас жеткіншектерден сауатты және тәртіпті жаяу жол жүргіншілерін тәрбиелеу», – дейді Ақсу АПБ бастығының тергеу жөніндегі орынбасары, полиция майоры Нұрболат Шаму.

Іс-шара барысында оқушыларға жол жүру кезінде өздерін қалай ұстау керек екендері ғана айтылып қана қоймай, жаднамалар таратылып, көрнекіліктер көрсетілді.

Сондай-ақ білім күні қарсаңында Ұйғыр АПБ бастығының орынбасары, полиция майоры Тұраржан Махамет және аға тергеуші, полиция капитаны Фархат Ильясов аудан мектептеріне барып, мектепке жаңадан қадам басқан бүлдіршіндері мен ата-аналарына жол жүру ережелері бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізген еді.

«Білім күні» мерекесімен құттықтай отырып, полиция қызметкерлерінің басты міндеттерінің бірі азаматтардың қауіпсіздігін, олардың құқықтарын қорғау болып табылатындығын атап өткім келеді. Сол мақсатта облыс көлемінде Білім күні қарсаңында «Абайлаңыз балалар» профилактикалық іс - шарасы жүргізілуде. Балалар қауіпсіздігі – басты назарда. Олардың қауіпсіздігін қорғау мақсатында барлық іс-шаралар қолданамыз», – дейді Ұйғыр АПБ бастығының тергеу жөніндегі орынбасары, полиция майоры Тұраржан Махамет.

Аталған іс-шара барысында бүлдіршіндерге жол жүру ережелері туралы оқулықтар таратылды. Ата-аналар өз кезегінде, жүргізіліп жатқан іс-шара үшін алғыстарын білдіріп, полиция қызметкерлеріне үлкен сенім артатынын атап көрсетті.