30 қыр, 2021 сағат 20:11

Алматы облысы колледждері мен жоғары оқу орындарындағы сыбайлас жемқорлық деңгейі анықтады


Алматы облысында білім саласындағы сыбайлас жемқорлық мәселелері бойынша колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттері арасында анонимді сауалнама әдісімен әлеуметтік зерттеу жүргізілді.

Әлеуметтік сауалнамаға Алматы облысынан барлығы 4290 студент қатысқан.

Сауалнама нәтижесі бойынша, «сыбайлас жемқорлық деген не және оның себептері» деген сұраққа 99,3 пайыз студент толымды әрі дұрыс түсінікте жауап берген.

Сонымен қатар, сауалнамаға қатысқан студенттердің 35,1 пайызы қаржылық бақылау сыбайлас жемқорлықпен күресудің ең тиімді әдісі деп санайтынын атап өткен. Студенттердің 21,3 пайызы білім алып жатқан оқу орындарында сыбайлас жемқорлық фактілерінің бар екендігін белгілеген. 46,2 пайыз студент жемқорлықтың түрлері көбінесе мемлекеттік емтихандар өткізген кезде болатындығы туралы айтқан. «Сыбайлас жемқорлықтың фактілері туралы хабарлауға дайынсыз ба» деген сұраққа респонденттердің 30,6 пайызы келіскен, сондай-ақ, студенттердің 25,3 пайызы тек жасырын түрде хабарлауға дайын екендігін атап өткен.

«Жалпы алғанда, Алматы облысының білім беру ұйымдарында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бойынша жұмыс оң үрдістерге ие екендігі көрсетілген, бірақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы білім беру бағдарламаларын одан әрі жетілдіру және оқушылар арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бойынша жұмысты күшейту қажет», - делінген Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментінің хабараламасында.