Бүгін байланыс және ақпарат қызметкерлерінің күніне орай облыс әкімі А. Баталов журналистерді мерекесімен құттықтады. Бірқатар БАҚ өкілдеріне құрмет грамоталар мен алғыс хаттар және басқа да арнайы марапттар тапсырылды. Жалпы жиынға аудандық, облыстық және республикалық БАҚ өкілдерінің 150-ге тарта өкілдері мен блогерлер, ардагер журналистер қатысты.
Облыс әкімі Амандық Баталов тілшілер қауымына қарата айтқан құттықтауында бұқаралық ақпарат құралдарының қоғамдағы маңызын атап өтіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысына тоқталды.
- Құрметті журналистер! Газет, теледидар, интернет кеңістігі – уақыт айнасы. Ол арқылы күн сайын тың деректер алып, мемлекетіміздің дамуын, облысымыздың тыныс-тіршілігін қадағалап отырамыз. Облыстағы, әр аудан, қаладағы жаңа бастамалар, жарқын істер немесе тосын оқиғалар тілшілер қауымының назарынан тыс қалған емес. Әрқашан еңбектеріңіз жемісті, мерекелеріңіз құтты болсын! – деді өз құттықтауында А. Баталов.
Осы жиында кәсібилігі, мемлекеттік ақпараттық саясатты жүзеге асырудағы белсенділігі үшін бірқатар журналистер марапатқа ие болды. Мәселен, «Жетісу» газетінің беттеуші-дизайнері Сақып Төкеева ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталса, Еңбекшіқазақ аудандық «Еңбекшіқазақ» газетінің бас редакторы Хайролла Ахметжановқа Қазақстан Журналистер одағының «Қазақстанның Құрметті журналисі» құрмет белгісі берілді. Сонымен қатар 4 тілші облыс әкімінің және ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хатына ие болды.
Өз кезегінде журналистер атынан сөз алған Нұртілеу Иманғали әріптестерін құттықтап, көрсетіліп отырған құрмет пен қолдау шараларына ризашылығын білдірді. Тілшілер қауымына мерекелік концерт ұсынылды.
Жалпы, Алматы облысында бүгінгі күні 104 БАҚ тіркелген. Оның 83-і басылымдар, 11-і электронды және 10-ы – жүйелік БАҚ.