04 қар, 2021 сағат 19:48

Алматы облысы: 5 адам мерт болған көлік апатында аман қалған балаға арнайы мамандар шақыртылды


Алматы облысында жан түршігерлік жол апатынан зардап шеккен бес жасар қызға арнайы мамандар шақыртылды, - деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Естеріңізге сала кетсек, кеше Шонжы-Ақсу-Ұзынтам тасжолында қарама-қарсы келе жатқан екі көлік соғылып, отқа оранған болатын

Қайғылы оқиғада бес адам қайтыс болып, бір бала ғана аман қалған. Қазіргі таңда қыз баланың жағдайы ауыр. Аяқ-қолдары сынып, бас-ми жарақатын алған. Іш құрылысына қатты зақым келген. Жедел операция жасалып, баланың көк бауырын алып тастауға тура келді. Облыстық аумақтық балалар ауруханасынан білікті дәрігерлер шақыртылып, науқасты аман алып қалуға барлық жағдай жасалып жатыр. 

"Нейрохирург, травматолог, реаниматолог дәрігерлер келіп, барлығының көмегінің нәтижесінде қазір бала тірі. Жағдайы ауыр болса да тұрақты", - деді Ұйғыр аудандық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Әнуар Рашидов.