26 қаң, 2024 сағат 11:06

Алматы метросы жұмысында ақау шықты

Көрнекі фото: Pexels

Алматы метросы жұмысында ақау шықты. "Метрополитен Алматы" МКК таңертең қаладағы метроның неліктен жұмыс істемегенін түсіндірді, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Айта кетейік, әлеуметтік желіде метро маңына жиналып қалған адамдардың видеосы тарады.

«Таңғы сағат 7:30-да метро жұмыс істемеді, көп адам жиналды. Себебін білмеймін», - деп жазды желі қолданушысы.

"Метрополитен Алматы" МКК мәліметінше, 26 қаңтарда таңертең Райымбек бекетінде ақпараттық байланыс желісінің жұмысында ақау табылуына байланысты метро пойыздары қолмен басқару режиміне ауыстырылған.

"Осы орайда барлық бекеттерде  пойыздардың жүріс интервалы уақытша ұзарды. Бұл метродағы жүру қауіпсіздігіне еш әсер еткен жоқ.

Мамандар жұмыс жасап, көп ұзамай үйреншікті интервал қайта қалпына келтірілді. Келтірілген қолайсыздықтар үшін кешірім өтінеміз" - делінген хабарламада.