Алматы мен Нұр-Сұлтанда мультижүйелі қабыну синдромынан екі бала көз жұмды. Олардың бірі екі жаста болса, екіншісі 15 жаста. Бұл туралы Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының басқарма төрайымы Риза Боранбаева мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның айтуынша, балалар мен жасөспірімдердегі мультижүйелі қабыну синдромы – бұл COVID-19 инфекциясынан кейінгі иммунологиялық құбылыс.
Бүгінгі таңда республикада балалар арасында COVID-19-бен ассоциацияланған мультижүйелі қабыну синдромының 41 жағдайы анықталды, оның ішінде 37 бала қолайлы нәтижемен емделіп шығарылды, екеуі көпбейінді балалар ауруханаларында емделуде. 2 өлім жағдайы тіркелді.
«Қайтыс болған баланың біреуі Алматыдан 2005 жылы туған. Оның созылмалы ілеспелі ауруы болған: бүйректің зақымдалуымен жүйелі қызыл жегі (нефрит). Әрине, мұндай балаларға қауіп төнеді. Оларда мультижүйелі қабыну синдромы ауыр болуы мүмкін. Балаға диализ терапиясы қажет болды. Барлық медициналық шаралар жүргізілді. Бірақ, өкінішке орай, оны құтқарып қалу мүмкін болмады», - деп атап өтті Риза Боранбаева.
Оның айтуынша, екінші бала Нұр-Сұлтаннан болған. Ол 2018 жылы дүниеге келген.
«Екі жасар бала ауруханаға өте ауыр жағдайда жатқызылды. Екінші күні жансақтау бөліміне ауыстырылды. Бұл патология септикалық шоктың дамуына әкеледі. Баланың ағзалары зақымдаған. Дәрігерлер оның өмірі үшін ұзақ күресті. Бала бір ай бойы комада болған. Оны құтқарып қала алмадық», – деді ол.
Мультижүйелі қабыну синдромының тағы бір атауы – Кавасаки тәрізді синдром, өйткені ол Кавасаки ауруымен клиникалық ұқсастыққа ие, бірақ белгілі бір айырмашылықтары бар. Олардың негізгісі – Кавасаки ауруы тек ерте балалық шақта дамиды, мультижүйелі қабыну синдромы 21 жасқа дейінгі жасөспірімдер мен жастарда да тіркелді.
«Кавасаки ауруы бүкіл әлемде өте сирек кездесетін патология, Қазақстанда жыл сайын 2-5 жағдай анықталды. Айта кету керек, COVID-19-бен байланысты мультижүйелі қабыну синдромы балаларда жаппай жиі кездесетін ауру емес, бірақ кейбір балалар коронавирус инфекциясынан кейін Кавасаки ауруына ұқсас клиникалық белгілерді көрсетуі мүмкін және жүрек бұлшық етінің қабыну белгілерімен ауру ауыр түрде өтіп, коронарлық артериялардың аневризмінің дамуы және басқа органдар мен жүйелерді зақымдауы мүмкін. Сондықтан балаларда COVID-19 ауруының алдын алу шаралары әлі де өзекті болып отыр. Мультижүйелі қабыну синдромын сәтті емдеу үшін ерте диагностика және уақтылы басталған терапия маңызды», – деді Риза Боранбаева.
Балалардың 80%-да COVID-19 симптомсыз және жеңіл түрде өтті, пациенттердің 20%-ы ауруды орташа және ауыр түрде бастан өткерді. Бұл негізінен ауыр созылмалы аурулары бар балалар болды, бұл COVID-19 ағымын нашарлатты. Балалар COVID-19 коронавирус инфекциясымен ересектерге қарағанда сирек ауырады. Олардың клиникалық белгілері аз және ауру көбінесе симптомсыз немесе жеңіл түрде өтеді, дегенмен ауыр ағым жағдайларын да жоққа шығаруға болмайды.