12 там, 2021 сағат 13:40

Алматы мектептері дәстүрлі форматқа оқуға дайын - білім басқармасы


Алматы мектептері дәстүрлі форматқа оқуға дайын. Бұл туралы онлайн брифинг барысында қалалық білім басқармасының басшысы Ләззат Жылқыбаева мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Оның айтуынша, мегаполистегі барлық мектеп қызметкерлері 100 пайыз вакцина алды. 

«Вакцина салдыруға қарсы көрсетілімі бар қызметкерлерден басқа, мемлекеттік білім беру ұйымдарының барлық қызметкерлері 100% вакцина алды», - деді басқарма басшысы. 

Сонымен қатар, ол білім беру ұйымдары «Ashyq» жобасына қосылғанын жеткізді.

«Қазіргі уақытта коронавирус инфекцияның таралуының алдын алу мақсатында қаланың білім беру ұйымдарында осы оқу жылында шектеулерді сақтай отырып, 1-ден 11-сыныпқа дейінгі мектеп оқушыларын оқытудың дәстүрлі форматына көшуге дайын. Атап айтар болсақ, барлық білім беру ұйымдары «Ashyq» жобасына қосылған», - деді спикер

Басқарма басшысы оқушы ауырған жағдайда сынып қашықтықтан оқытуға жіберілетінін жеткізді.

«Науқас немесе байланыста болған ата-аналардың балалары қашықтықтан білім алады. Сонымен қатар, кабинеттер сыныпқа бекітілген (бір сынып – бір кабинет). Бастауыш, орта және жоғары буын балалары үшін мектепке жеке кіру есіктері қамтамасыз етіледі (балаларды әлеуметтік қашықтықты сақтау мақсатында мектепке әртүрлі кіреберістерден жіберетін болады), сондай-ақ ғимарат ішінде балалар фойе мен дәліздерде белгілері көрсетілген блоктар бойынша жүретін болады», - деді ол.